Басты Жаңалықтар Үгіт-насихат науқаны аяқталуға жақын

Үгіт-насихат науқаны аяқталуға жақын

Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанының аяқталуына тура 1 күн қалды. Депутаттық мандатқа үмітті 7 партияның кандидаттары бүгін өңірлердегі соңғы кездесуін өткізді. Халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірілер тыңдап қайтты. Ал ертең партиялар саяси науқан барында атқарылған жұмыстарын қорытындылайды.

Астанада «Әділет» партиясы жақтастарының форум өтті. Оған 2 мыңнан аса адам жиналды. Жиында саяси ұйымның республикалық сайлауалды штабы өкілдерінің атқарып жатқан жұмысы сараланды. Олар партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған мақсаттар мен бағыттар бойынша ойларын ортаға салды.

Динара Сәдуақасова, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

Кандидаттарымыз партияның бағыттары бойынша, сайлауалды бағдарламада не жазылғанын айтып жатыр. Жалпы, өңірлерге қалай барып келді, адамдармен кездескен кезде қандай мәселелер қозғалды сол бойынша айтып жатыр. Соған нәтиже ретінде бүгінгі форум өткізіліп жатыр. Өзіміздің жұмысымызға да баға беріп осындай форум өткізіп жатырмыз. 

Ақтөбеде әйелдер форумы өтті. Қоғамдық өмірге белсенді аталысып жүрген қыз-келіншектер жиынын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұйымдастырды. Ашық форматтағы кездесуде әйелдер көшбасшылығы, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілік, мемлекеттік басқару ісіне етене араласуы сөз болды.

Ажар Сағандықова, ЖСДП партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

Қазақстанда 5 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 89%-ын әйелдер басқарады. Бұл - азаматтық қоғамның мәселелерін шешіп, өзекті мәселелерді көтеріп және шешімін тауып жүрген белсенді әйелдер. Сондықтан кез келген әйел өзінің көзқарасы ескерілетінін біліп, Қазақстанның дамуына белсенді үлес қосуы тиіс.

Павлодарда Қазақстан Халық партиясының жақтастары мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар жоғары оқу орнының профессор-оқытушыларымен кездесті. Жиында әлеуметтік сала мен ауылдық елді мекендерді дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар әлеуметтік баспана сапасы, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы көтерілді. Қатысушылардың айтуынша, кейбір ауылдарда дүкен мен дәріхананың, сапалы интернет пен жолдың болмауы тұрғындардың қолайлы жағдай іздеп, басқа жерлерге қоныс аударуына себеп болып отыр. Бұл үрдіс ауыл мектептеріне де әсер етуде. Кездесуде ауыл-аймақта жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру қажеттігі айтылды.

Әлімбек Ағыбаев, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат: 

Елді мекендерді дамытуға қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру – назар аударуды қажет ететін негізгі бағыттардың бірі. Бұл мәселелерді шешу үшін ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту маңызды. Көтерілген ұсыныстар осы бағыттар бойынша нақты шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетеді.

«Ауыл» партиясының өкілдері Абай облысына барды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жұмысшыларымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиынды қарағайлы орманды қалыпына келтіру, жасыл алқапты қорғау және ұлғайту жайы сөз болды.

Жигули Дайрабаев, «Ауыл» партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

«Қаладан-ауылға» деген облыс әкімшілігі ұйымдастырған бағдарламасын, осының бәрін зерделедім. Абай облысы соңғы төрт жылдың өзінде құрылыс саласында, ауыл шаруашылық саласында, әлеуметтік салада осының бәрінде біздің жергілікті тұрғындардың атқарып жатқан жұмыстары.

Шымкентте «Ақ жол» Демократиялық партиясының өкілдері алюминий банкалар мен қақпақ шығаратын өндіріс орнына барды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар заманауи автоматтандырылған желілердің жұмысымен танысты. Еңбек ұжымына кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірісті дамыту жайын талқыланды.

Дания Еспаева, «Ақжол» партиясының төрағасы:

Әрине несиелері бар. Соның бірінші сұрағы осы несиені арзандату, сонымен қатар баспана алу. Заң ретінде кіргізіп, осындай қарапайым халыққа баспана алуды қолжетімді ету - біздің міндетіміз деп ойлаймын.

Астанада Respublica партиясы қолдаушыларының форумы өтті. Саяси бірлестік төрағасы Айдарбек Қожаназаров елордалық жас белсенділермен кездесті. Ашық әңгімеде жастар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, болашақ, мамандық таңдау, өзін-өзі дамыту және қоғамдық-саяси өмірге араласу туралы сұрақтарын қойды. Жастардың бірі саясаттан алыс қатарластарын қоғамдық іске қалай тартуға болатынын сұраса, бірі саясатқа енді қадам басқан жастарға қандай кеңес берерін білгісі келді. Ел өңірлеріне жасаған сапарлары, жастардың өз жолын табуы және таңдаған мамандығында табысты болуы туралы да әңгіме өрбіді. Айдарбек Қожаназаров жастарды өз күшіне сеніп, бастамадан қорықпауға шақырды.

Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:

Ең бастысы - біз кандидаттармен 20 өңірді аралап шықтық. Елдің түкпір-түкпіріне барып келдік. Аудандарды аралап, халықпен кездестік.


Бөлісу