Әзірбайжанда президент сайлауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әзірбайжанда президент сайлауы өтті

12.04.2018

Кеше Әзірбайжанда президент сайлауы өтті. Астана уақытымен кешкі сағат онда саяси науқанның алғашқы қорытындылары шығарылды. Алдын ала нәтижелер бойынша қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиев 90 пайызға жуық дауыс жинаған. Ол өзінің отбасымен бірге учаскелердің біріне келіп, дауыс берді. Ильхам Әлиев 2003, 2008 және 2013 жылдары сайлауда жеңіске жеткен. Конституцияға енгізілген толықтыруларға сәйкес президент бұдан былай елді 7 жыл басқарады. Бұрын ол мерзім 5 жыл болатын. Әзірбайжанда 5641 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сондай-ақ, әлемнің 32 елінде 41 учаскесі ашылды. Президенттік сайлауға жалпы 8 кандидат қатысты.

Самая Кадырова, Баку қаласының тұрғыны:

Халық өз таңдауын жасауы үшін барлық жағдай бар. Демалыс берілді. Меніңше, науқан демократиялық қағидаттарға сай өтуде.

Парвана Гусейнова, Баку қаласының тұрғыны:

Өзіміздің таңдауымызды жасадық. Қазір біздің еліміз дамып жатыр. Тұрақтылық бар. Әзірбайжанды күллі әлем біледі. Бейбіт күнде балаларымызды өсіріп, елдің дамуына үлес қосудамыз.    

Дулат НУРКИН

Хабарламаларға жазылу