Францияда полиция мен жаңа әуежай құрылысына қарсы шыққан эколог белсенділері арасындағы қақтығыстар бүгін басты назарда. Шерушілер Нотр-Дам-де-Ланд қаласындағы әуе айлағы салынуы тиіс болған аумақтан кетуге бас тартып отыр. Оларды бұл жерден шығару үшін құқық қорғаушылар резеңке таяқтар мен көз жасаурататын газ қолданған. Тәртіпсіздіктер нәтижесінде бірнеше полицей мен ереуілші жапа шекті.
Белсенділер қуылғаннан кейін ауыр техника бірнеше ай бойы екі жүз адам тұрған заңсыз шатырларды бұзған. Олар үкімет қаңтарда әуежайды салмау туралы шешім қабылдаса да, лагерьден кетпей отырған еді.
Айта кетсек, қазір Францияда жаппай шерулер мен қарсылық акциялары өтіп жатыр. Биліктің «антисоциалистік» саясатына қарсы теміржолшылар, әуежай қызметкерлері, студенттер мен ұстаздар шықты.
Мадина РАХЫМБЕК