Әлемде акциялар күрт құнсызданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде акциялар күрт құнсызданды

06.02.2018

Бүгін әлем нарығында акциялар күрт құнсызданды. Соңғы мәліметке қарағанда, Нью-Йорк пен Токио биржаларында индекстер кемінде 5 пайызға түсті.

«Доу-Джонс» - Американың ірі өнеркәсіптік компаниялары акцияларының орташа бағасын көрсететін индекс. Өткен тәулікте ол 1175 пунктке немесе 5 пайызға жуық құлдырады. Осылайша,  құнсыздану жағынан бұл индекс 10 жыл бұрынғы антирекордтан да асып түсіп отыр. Айта кетсек, 2008 жылы қыркүйектің 29-да «Доу-Джонс» 777 пункт жоғалтты.

Осы жолы акциялардың арзандауына Орталық банк пайыздық мөлшерлемені, демек, долларды, несиені қымбаттатады деген қауіп түрткі болды.

Джой Кинахан, биржа стратегі:

- Меніңше, бұл жерде пайыздық үстеме өседі деген қауіп себепші. Жұма күні еңбек нарығында жұмыссыздардың азайғанын білдік. Жалақы болса, өсіп жатыр. Оның үстіне, биыл Орталық банк проценттік мөлшерлемені үш рет емес, төрт мәрте көтереді дегенді естіп жүрміз.

Сонымен қатар, Америкада экономика нығайдықтан, инфляция деңгейін көтеру қажеттігі туындап отыр. Ал, ақша қымбаттаса, акцияға сұраныс төмендеуі мүмкін. Сондықтан, инвесторлар кейінгі күндері құнды қағаздарынан арылуға асықты. «Доу-Джонстен» кейін іле-шала «Эс-Эн-Пи» мен «Nasdaq» индекстері де айтарлықтай құлдырады.

Бұл жағдай Азия нарығына да жетті. Бүгін Токио биржасында «Nikkei» индексі бірден 5 пайыздан астам құн жоғалтты. Кореяның «KOSPI»-і болса, 2 пайызға жуық. Гонконгтің Хансені 4,4 пайызға арзандады.

Америка телеарналары биржаларда индекстердің түсіп жатқанын хабарлау үшін өткен тәулікте президент Дональд Трамптың эфирден жасап жатқан мәлімдемелерін тоқтатуға мәжбүр болды.

Виджай Ананд, Нью-Йорк тұрғыны:

- Бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, биыл экономика жақсы. Нарық қайта бой түзеу үшін сәл құлдырап, өз даму жолына қайта оралады деп сенемін.

Биржаларда акциялармен бірге мұнай да арзандады. Бұл шикізаттың құны өткен айдан бері 4 долларға түскен. Ал, соңғы сауда қорытындысы бойынша, оның «Brent» маркасының бағасы 1 пайыздан астам төмендеп, 66 доллар 46 центке сатылды. Мұнай нарқының құлдырауына да инвесторлар назарының АҚШ валютасына аууы себепші.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу