Өңірді дамытудың жаңа жоспары ұсынылды
Маңғыстаудағы «Каспий» тұщыту зауытының өндірістік қуаты тәулігіне 100 мың текше метрге дейін ұлғаяды.
Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев зауыттың жұмыс ауқымын кеңейту барысымен танысты. «Каспий» тұщыту зауыты - облысты ауыз сумен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда тәулігіне 40 мың текше метр теңіз суы тұщытылады. Зауыт Ақтаудың жоғарғы шағын аудандарын, сондай-ақ Мұнайлы мен Қарақия аудандарының елді мекендерін сумен қамтып отыр. Енді кәсіпорынның қуатын тағы 60 мың текше метрге арттыру жоспарланған. Жобаның келесі кезеңі келер жылы басталмақ. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі МАЭК кәсіпорнының жұмысына да әсер етіп отыр. Сондықтан комбинаттың теңіз суын қабылдайтын арналары тереңдетіліп, ұзартылып жатыр. Ал Ақтау қаласындағы жылу тапшылығы сағатына 130 гигакалорияға жеткен. Бұл мәселені шешу үшін жаңадан аудандық қазандық салынып жатыр. Ол Ақтаудың алты шағын ауданындағы жылу қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс.
Мереке Бошанов, мердігер мекеменің өкілі:
Бұл құрылыс нысанында 11 жұп жылу қазандығы болады. Әрқайсының жылу қуаты 33 гигакалория және 22 газ жандырғышы қойылады. Қазір жұмыс жұмыстарына 30-ға жуық адам тартылған. Келер жылдың жылыту маусымына пайдалануға беру жоспарлануда.
Биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға мемлекеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 154 жобаға жұмсалмақ. Жұмыс сапарының соңында Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен облыс активінің жиыны өтті. Кеңесте өңір экономикасын әртараптандыру және тұрақты өсімді қамтамасыз ету мақсатында әзірленген «Мастер-жоспар» қаралды. Құжат өнеркәсіп, логистика, теңіз инфрақұрылымы, ауылшаруашылығы, туризм және әлеуметтік салада ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы