Израиль саяси тығырыққа тірелді: Жаңа үкіметті кімдер құратыны әлі белгісіз
Израильде сейсенбіде өткен парламенттік сайлау бюллетендерін санау аяқталып қалды. Ал жаңа үкіметті кім құратыны әлі белгісіз. Себебі ең ірі екі саяси блоктың ешқайсы Кнессеттегі 120 мандаттың 61-ін иелене алмаған. Сарапшылар елдегі саяси жағдайдың енді төрт сценарий бойынша өрбитінін болжап отыр. Олардың әрқайсына Арыстан Рысбек жеке-жеке тоқталады.
Израиль саяси тығырыққа тірелді. Бүгін түскен мәліметке қарағанда, парламеттік сайлауда берілген дауыстардың 99 пайызы саналып болған. Оның нәтижесіне қарағанда, премьер-министр Биньямин Нетаньяху бастаған әсіре ұлтшылар да, олардың басты қарсыласы - Гади Айзенкоттың «өзгеріс блогы» да айқын басымдық байқата алмады.
Үкімет құру үшін Кнессетте кемінде 61 орын алу қажет. Ал Нетаньяхуға небары 53, Айзенкотқа 48 мандат бұйырады деген болжам бар. Сарапшылардың пікірінше, тығырықтан шығатын төрт жол бар. Біріншісі – жаңа министрлер кабинетін оппозиция арабтармен бірігіп жасақтайды.
Йосси Мекельберг, Корольдік халықаралық қатынастар институтының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бағдарламасының аға ғылыми қызметкері:
Егер қазіргі нәтижеге назар аударатын болсақ, «Өзгеріс блогында» Нетаньяхуға қарсы үкімет құратын мүмкіндік бар. Бірақ бұл блог араб партияларымен ресми одақтаспай, олардан сырттай қолдау да табуы керек.
Алайда, хамастықтардың Газадағы алапат соғысқа алып келген 7-ші қазан шабуылынан кейін Айзенкоттың араб партияларымен ынтымақтасуы екіталай. Мұны генералдың өзі де талай рет ескертті.
Екінші сценарий – Нетаньяху мен Айзенкот өзара тайталасты жиып қойып, ұлттық бірлік үкіметін құруы керек. Бірақ бұл да күмәнді жол. Себебі Айзенкот Бибимен ынтымақтастыққа барса, миллиондаған израильдік бұрынғы әскер қолбасшысын сатқын деп айыптауы мүмкін. Үкімет жасақтаудың үшінші тәсіліне сәйкес, Нетаньяху қарсылас партиялардан сыбайлас тартуы керек. Дегенмен, Либерман, Беннет, Яир Голан тәрізді танымал оппозиция лидерлері онымен серіктестікке бармайтынын ескертіп үлгерді.
Уди Соммер, Тель-Авив университетінің профессоры, израильдік сарапшы:
Меніңше, бұл сайлауда кім жеңді деген сауалға жауап беру өте қиын. Дау нәтижесіз аяқталатын болса, 2019 жылға қайта оралатын шығармыз. Пандемия кезінде де бірнеше сайлау науқанын өткіздік қой.
Телавивтік сарапшы жаңа сайлауға, яғни, төртінші сенарийге меңзеп тұр. Бұл сценарийлердің ешқайсы жүзеге аспаған жағдайда израильдіктер қайта дауыс беруге барады. Оған жол бермеу үшін президент Ицхак Герцог алдағы апталарда партия жетекшілерімен кеңес өткізуі керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы