Жолдың сапасына қойылатын талаптар өзгереді
Жол қашан жақсарады? Миллиардтаған қаржы бөлінген трассалардың сапасы сын көтермей келеді. Мәселен соңғы 3 жылда 53 мың шақырым тас жолдың талапқа сай келмейтіні анықталған. Тендерге таласатын мердігерлердің айыппұл арқалағаны да аз емес. Ал жауаптылар сапаны жақсарту үшін не істеп жатыр? Жақсылық Жасұланұлы тарқатып айтады.
Алыс жол атты сынайды, Ауыр жол ерді сынайды. Бірақ біздегі жолдардың атқа да, азаматқа да оңай соқпайтыны анық. Әсіресе Батыстың қос қаласы Атырау мен Оралды жалғайтын трассаның талқаны шыққан. Темір тұлпарының тетігін түбінен тоздырған жолдар талайдың әбден титығына тиген.
Елсүйер Маркс, қала тұрғыны:
Атырау халқы көбі біледі. Атырау-Орал тас жолында тесік өте көп. Қазір енді ремонт жүріп жатыр. Айналып өту. Біз енді оралға бір барып келгенде жаңадан жасап шыққан хадовкамыз кетіп келеді. Дөңгелегіміз кетіп келеді. Жол жасалып жатыр енді. Президентіміздің жолдауына сай сол жол жөнделеді деген сенімдеміз.
Жергілікті тұрғындар Президенттің пәрменінен үмітті. Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті жолдарды сапалы салу керегін қадап айтты. Алайда дәл осы сапаға келгенде суыртпақтап сөйлеуге мәжбүрміз. Себебі соңғы үш жылда 53 мың шақырым тас жолдың талапқа сай келмейтіні анықталған. Ал 99 мердігер ұйымға 120 миллион айыппұл салынған.
Әсет Аймұрзаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК өндірістік-техникалық бөлім маманы:
Асфальттың құрамында битумның пайызы аз болады. Анықталған бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдарға 665 өтініш жолданды. Нәтижесінде техникалық қадағалау мамандарының 53 аттестатының күші жойылып, 317,5 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ Президент бұдан былай битум мен қиыршық тасты сылтау етуге болмайтынын ескертті. Жол сапасына сараптама жүргізу үшін бас-аяғы 23,2 миллиард теңге бөлінген. 2023 жылдан бері жұмсалған қаражат бұл. Ал жауапты министрлік жергілікті жолдардың 91 пайызы жүруге жарамды деп сендірді.Трассалардың беріктігін жақсарту үшін атқарылған жұмыс та аз емес.
Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі ғылым және жұмыстар сапасы басқармасының басшысы:
Электронды базалар құрылды материалдардың. Ол жердегі базада апробациядан өткен материалдар ғана жұмысқа қолдануға рұқсат беріледі. Яғни сапасыз материалдар қазіргі кезде қолданылмайды. Тек электронды базадан ғана алынады. Одан бөлек қазіргі кезде үлкен транзиттік жолдарға цемент бетон жабынын қолдану жоспарланып жатыр.
Тағы бір қуантарлығы қайта жаңарған жолдарға мердігерлер 7 жыл кепілдік беруге міндеттелді.
Жақсылық Жасұланұлы, тілші:
Талқаны шыққан тас жолдың жайы қанша айтылса да бір қайнауы кем еді. Өйткені, бұған дейін жол сапасына жауаптылар мәселені бір-біріне сілтеп, ат тонын ала қашуға тырысатын. Ал енді Президенттің пәрменімен тұтас бір сала басы бүтін Көлік министрлігінің құзіретіне берілді. Енді жауаптылардан дәрмен жетсе жұрт тақтайдай тегіс жолмен жүйткитін күн жақын.
Жақсылық Жасұланұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы