Румынияда судьялар мен прокурорлар шеруге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Румынияда судьялар мен прокурорлар шеруге шықты

19.12.2017

Румыния астанасы Бухарест пен елдің өзге де қалалары көшелерінде судьялар мен прокурорлар шерулетті. Олар парламенттің өздерімен кеңеспей, сот жүйесін реформалау туралы заңға өзгерістер енгізуі жайын талқылап жатқанына наразы. Бұған қоса, мұндай түзетулерге Магистратураның жоғары кеңесі теріс бағасын берген. Сот жүйесі қызметкерлері шеруге елдің барлық азаматтарының мүдделерін қорғау үшін шыққандарын айтады.

Жоғарыда аталған заң жобасын оппозиция «Биліктің жоғарғы эшелонындағы жемқорларға амнистия жариялау» деп атап кеткен. Құжатқа сай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық басқарма өкілеттіліктері қысқартылмақ. Ал, бұл органның жетекшілерін үкімет тағайындайды. Бұған қоса, судьялар мен прокурорлар парламентке бағынуға міндетті болмақ. Бір қызығы, сот жүйесін реформалау бастамасы өзі бұған дейін коррупция үшін шартты түрде айыпталған социал-демократтар партиясының басшысына тиесілі.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу