Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылы наурызда өтетін президенттік сайлауға «Единая Россия» партиясы атынан емес, жеке кандидат ретіне қатысады. Осылайша, ол бүкіл елден қолдау табудан үмітті. Мұны Путин бүгін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Бұл конференцияға 1600-дей жергілікті және шетел журналисі қатысты.
Мәслихат барысында Ресей президенті елдің ішкі экономикалық мәселелерімен қатар, АҚШ пен Ресей қатынасы, Солтүстік Корея мен Украинадағы жағдай сияқты халықаралық маңызды мәселелер туралы сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, президент өзінің саяси оппоненттерін «ел проблемаларын шешу үшін оң идеялар ұсынған жоқ», деп сынға алды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Әрине, бүгінде көңілі толмайтын адамдар көбейді және де олардың келіспеуі дұрыс. Себебі, бізде бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатын еді. Алайда, оппозиция лидерлерінің, әсіресе, жүйесіз оппозицияның ұсыныстарымен салыстыра бастағанда көптеген сенімсіздік пайда болады. Бәсекеге қабілетті болуы үшін олар ойдан құрастырылмаған, нақты, шын ұсыныстар жасауы тиіс.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ