Трамп АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру жоспарын растады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру жоспарын растады

06.12.2017

АҚШ президенті Дональд Трамп Америка елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру жоспарын растады. Бұл туралы ол палестиналық лидер Махмұд Аббаспен телефон арқылы сөйлесу кезінде айтып кетті. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, Аббас оған мұндай қадамның арты қауіпті және аймақтағы елдер тыныштығын бұзып, әлемге қатер төнуі мүмкін деп ескертті.

Сонымен қатар, Трамп елшілікті көшіру мәселесін жақында ғана Иордания королі II Абдулламен де талқылаған болатын. Ал, батыстағы бұқаралық ақпарат құралдары Вашингтон Израиль астанасын Иерусалим деп жария етуге жақын қалды деп жарыса жазып жатыр.  Осыдан бірер сағат бұрын келіп түскен мәліметтерге қарағанда, Трамп өз шешімін бүгін жария етуі тиіс. «The Hill» басылымының деректеріне сүйенсек, қазір Құрама Штаттарының елшілігіндегі қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп жатыр.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу