Иран мен Ирак шекарасында алапат зілзаладан құрбан болғандардың саны 400-ден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран мен Ирак шекарасында алапат зілзаладан құрбан болғандардың саны 400-ден асты

14.11.2017

Иран мен Ирак шекарасында болған зілзаладан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 7,3 баллдық жер сілкінісінен құрбан болғандардың саны 400-ден асқан. Тағы 7000-ға жуық адам жараланып, көбі ауыр халде ауруханаларға жеткізілді. Жергілікті құтқарушылар үйінді астынан адамдарды табуға үмітті. Соңғы келіп түскен деректерге жүгінсек, қаза тапқандардың көбі Иранның Керманшах провинциясындағы Сарполь-э-Захаб қаласында болып отыр. Күшті дүмпуден үйлер құлап, талай ғимарат жермен-жексен болған. Көптеген аймақтарда жарық сөніп, су бітіп, байланыс жүйесі зақымданған. Зілзаладан 70 мыңнан астам адам үйсіз қалып, олардың көбі екі түн бойы уақытша шатырларға орналастырылған. БҰҰ-ның өкілдері зардап шеккен елдерге көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу