Нью-Йорктегі шабуылдан 8 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йорктегі шабуылдан 8 адам қаза тапты

01.11.2017

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерді пикап көлігімен қағып өткен адам ұсталды. «Эй-Би-Си» арнасының хабарлауынша, шабуылшы  - 29 жастағы  Өзбекстан азаматы Сайфулло Саипов. Ол 2010 жылдан бері Құрама Штаттарда тұрып келген.  Қала мэрі бұл шабуылды лаңкестік әрекет деп мәлімдеді.  Одан 8 адам қаза тауып, 11-і ауруханаға жеткізілген. Құрбан болғандардың арасында америкалықтармен бірге Бельгия, Аргентина азаматтары бар.

Куәгерлердің сөзінше, шабуылшы төменгі Манхэттендегі веложолақпен жүріп келе жатқан адамдарды қағып өткеннен тағы бір квартал жүріп,  мектеп автобусына барып соғылған. Кейін ол көлігінен шыққан кезде, оқиға орнында болған полицей шабуылшыға оқ атып, ішінен жаралады.

Оқиғаға жауапты әзірге ешқандай қарулы топ мойнына алған жоқ.  Кей мәліметтерге қарағанда, шабуылшы жалғыз әрекет еткен болуы керек.

 Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу