Кенияда өткен президенттік сайлауда қазіргі президент Ухуру Кениата 98 пайыз дауыспен жеңіске жетіп, екінші мерзімге қалды. Қайта өткізілген сайлау қазанның 26-сы күні болған еді. Дауыс беруге халықтың 38 пайызы қатысқан. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, сайлау елдің 265 округында өткен. Дегенмен, оның 25 шақтысында оппозиция жақтастары сайлау учаскелеріне баратын жолдарды жауып, ереуілдер ұйымдастырып, кедергі жасаған. Көптеген қалаларда қарсылық акциялары полициямен қақтығысқа ұласып, адамдар зардап шеккен. Ел астанасы Найробидің Каваргвар ауданында осындай бүліктен мектеп оқушылары зардап шекті. Әзірге нақты қанша адам зиян тартқаны белгісіз.
Айта кетейік, оппозиция лидері Раила Одинга қайта өткізілген сайлауға қатысудан бас тартып, бұл көзбояушылық үшін жасалған шара деп мәлімдеді.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ