Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқан «Валдай» форумы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқан «Валдай» форумы қорытындыланды

20.10.2017

Халықаралық дискуссиялық клубтың басқосуы 4 күнге созылды. Жиынға 33 елден барған 130-дай әлемдік саясат, экономика және мәдениет саласының жетекші сарапшылары қатысқан. Биылғы форумда «Жанжалдардан жаңа әлемдік тәртіп қалыптаса ма?» деген ортақ тақырып талқыланды.

Оған қатысушылар қазір әлемде болып жатқан саяси және әлеуметтік жанжалдар, қоғамның жаңа факторлар мен жағдайларға бейімделу мүмкіндігін сөз етіп, болашаққа деген болжамдарымен бөлісті. Форумның пленарлық сессиясында Ресей президенті Владимир Путин делегаттардың сұрақтарына жауап берді. Кремль басшысы Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана процесінің маңызы туралы сұраққа жауап беріп, Қазақстанның бұл бағытта атқарып жүрген жұмыстарын жоғары бағалады. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Сириядағы проблемаларды реттеу жөнінде жалпы, Астана процесі үшін, Астанада осы мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергені үшін Қазақстанға, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіремін. Қазақстан тек бейбіт басқосу өткізетін орын ғана емес, Қазақстан өзінің бейтарап позициясымен және қандай да бір елдің ішкі жанжалдарына араласпауы арқылы өте беделді арағайын бола алатындығын көрсетті. Тіпті, кейде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жанжалдасушы тараптарды бір үстел басында ұстап отыру үшін өз мойнына белгілі бір дәрежеде жауапкершілік алған кездері де болды. Бұл өте позитивті жағдай. Біз осы үшін алғысымызды білдіреміз.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу