Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологияларды енгізу барысы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологияларды енгізу барысы талқыланды

30.01.2018

Үкімет еліміздің биыл ұстанатын экономикалық саясатының басты бағыттарын айқындады. Олардың ішінде азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдердің тұрақты болуын қадағалау, теңгені 5-7 пайыздан төмен құлдыратпау, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды аяқтау, бизнесті жандандыру сынды міндеттер бар. Тағы бір басты бағыт – барлық саланы цифрлық жүйеге көшіру. Бүгінгі Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологияларды енгізу барысы талқыланды.

Ит жылы игілігімен келгендей-ақ. Үкімет мүшелері биыл табысқа толы жыл болатынына үміттенеді. Мұнай өңдеу зауыттарындағы жаңғырту жұмыстары аяқталып, жанар-жағармай түйткілі толығымен шешілуі тиіс. Жалпы, 2018-де еліміздің экономикасы тұрақты болады, - деген болжам бар. Үкіметтің өткен жылға да өкпесі жоқ екен. Былтыр Қазақстанның экономикасы айтарлықтай дамып, 2016 жылмен салыстырғанда 4,0 пайызға өсті. Негізгі капиталға құйылған қаражат көлемі де ұлғайып, 5,5 %-ға жетті. Ал, 2018 жылға жасалған болжамға сенсек, жыл соңына қарай тұрақты экономикалық өсім 3,0-4,0 %, инфляция деңгейі 5,0-7,0 % шамасында болады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Бюджет тапшылығын биыл 1,1% есеге дейін азайту жоспарланып отыр. Былтыр жалпы ішкі өнімге шаққанда бұл көрсеткіш 2,9% болған еді. Мұнай тапшылығын 7,4% дейін төмендетпекшіміз. Үкімет алдағы уақытта да себепсіз жанар-жағармай бағасының өсуін, жасанды мұнай тапшылығын болдырмауға үлкен мән береді.

Биыл индустрияландырудың үшінші бесжылдығының тұжырымдамасы әзірленбек. Оның аясында өндірісті сандық жүйеге көшіру көзделуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осы бағыттағы жоспарларымен таныстырды. Жаңа технологиялар бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Қазірдің өзінде кейбір кәсіпкерлер техниканың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді.

Кәсіпкерлер де, министрлік те заман талабына сай болуға дайын. Батысы сұраныс болсын. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қазақстандықтарды тек отандық тауарларды тұтынуға шақырды.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

- Жоғары сапамен өнімдер шығарып жатыр. Қазақстанда шығарылып жатқан жоғары сапамен және табиғи таза өнімдерді қолдап отырайық.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауқымды жоспарлары жүзеге асу үшін Ақпарат және коммуникациялар министрі интернет мәселесін шешуге уәде етті. Дәурен Абаевтың айтуынша, 2021 жылға қарай мыңнан астам елді мекенге кең жолақты желі тартылады.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу