Екі күнге созылған Астана процесінің төртінші кезеңі аяқталды. Сирияда алты жылдан бері тоқтамай тұрған адамзаттық соғысты бейбіт жолмен реттеуге арналған келіссөзде тараптар белгілі бір келісімге келді. Атап айтқанда, Ресейдің бастамасы бойынша, қауіпсіздік аймағы құрылатын болды. Ең ірі шабуыл болған Хомс, Идлиб, Шығыс Гута және оңтүстік аймақта әскери әрекеттер бір күннің ішінде тоқтауы тиіс. Аталған аймақтар - оппазициялық топ ең көп шоғырланған мекендер. БҰҰ Сирия мәселесі бойынша арнайы уәкілі Стаффан Де Мистура тараптардың татуласуы үшін барын салды. Кешеден бері Сириядағы күрделі ахуалды бәсеңдету, оқ атуды тоқтату келісіміне қосылған аудандар үшін ережелерді әзірлеу мен әскери әрекетті тоқтату режимін күшейтуге қатысты келіссөздер жүрді.