Суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы өнімді екі есеге арттырмақ
Егістік алқаптарына құйылатын судың 50 пайызын үнемдей отырып, өнімді екі есе көп жинауға болады. Ауылшаруашылығы министрлігі Америкалық компаниялармен бірлесіп, суды аз пайдаланып, өнім көлемін көбейтетін жаңа технология енгізді. «Нәтижесінде солтүстік өңірдегі 16 миллион гектар егістік алқабына жұмсалатын судың 45 пайызы сақталады», - дейді мамандар.
Бұл — Ақмола облысына қарасты Шортанды ауылы маңындағы егіс алқабы. Сарыарқаның төсіндегі сары далада пісіп тұрған астық — алдағы күздің несібесі. Алайда, шаруалар еккен егіннің өнімі қанша болатынын болжай алмай отыр. Тек табиғат анаға сеніп тапсырады. Өйткені, биыл күн ыстық болып, дер уақытында жаңбыр жаумады. Соның себебінен өңірде қуаңшылық болған.
Кенже Абдуллаев, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:
2050 жылға дейін тек қана құрғақшылық көбейе берейін деп тұр. Суармалы жерлер азаяды да, ауаның ауысуына байланысты біз табиғаттан тәуелді болмай, тұрақты өнім алуымыз керек. Әңгіменің бәрі осыда тұр. Біз қазір 9-20 центнер аралығында өнім аламыз. Ал құрғақшылық кезінде 7 центнерге дейін түсіп кетеді. Егер дақылды суаратын болсақ, 40 пен 50-дің ортасында тұрамыз. Сонда төрт есе өнім көбейеді. Сонда біз құрғақшылыққа тәуелді болмаймыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 3,5 миллион гектар жерді суармалы егіншілікке айналдыруды жоспарлап отыр. Алайда, мәселені тек өз күшімізбен кешенді шешуге қауқар жетпейді.
Фариза Мұсақызы, тілші:
Бүгінде аграрлық секторда ауыл шаруашылығы техникасының 70 пайызының тозығы жеткен. Отандық шаруалар осы мәселені шешу үшін шетелдік технологияны пайдаланып, өнімділікті арттырмақ. Экспорт әлеуетін арттыруды да көздеп отыр. Мәселен, мынандай техника арқылы су үнемделіп, дихандардың шаруасы алға баспақ.
Ақмола облысындағы суармалы егіншілікке қатысты мәселелерді шешуге Америкалық компания көмекке келді. Инвестиция құйып, ең соңғы үлгідегі бүркіп шашу технологиясымен жұмыс істейтін құрылғысын әкелді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай техниканы сатып алуға субсидия да бөліп отыр. Бұған қоса, құрылғыны дұрыс пайдалану бойынша шаруаларды оқытатын орталық та ашылды.
Уильям Мозер, Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
АҚШ компаниясы ұсынып отырған технология экологиялық тұрғыда шығынды аз келтіреді. Суды аз пайдаланады. Жалпы, экологиялық, экономикалық тұрғыда тиімді техника Қазақстанға расымен де қажет. Қаржыландыру болып, техникалық жағынан қамтамасыз етілген болса, кез келген жұмыс алға басады деп ойлаймын.
Еліміздегі су қорының 60 пайызы егін суару мақсатында жұмсалады. Ал суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру — азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы екенін ұмытпағанымыз абзал.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы