Алматыда Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова мен Серік Сейдуманов «Балаларды уақытша ұстау орталығының» ұжымымен кездесті.
Депутаттар балалардың жағдайымен танысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді. Аталған орталықта қазір 18 бүлдіршін бар. Мұнда 7 жастан 14 жасқа дейінгі жетім және жалғызбасты аналардың немесе әкелердің балалары қабылданады. Олар 3 айдан 6 айға дейін мемлекеттің қамқорлығында болады. Егер осы уақыт аралығында ата-анасы немесе туысқандары алып кетпесе, балалар үйіне тапсырады. Ал депутаттармен кездесуде көтерілген негізгі мәселе — мекемеге келушілердің отбасындағы проблемаларды шешу жолдарына арналды. Себебі орталыққа келушілердің қатары көбейген. Сондықтан орталықтың аумағын кеңейтіп, мүмкіндігін молайту жағы да пысықталды.
Светлана Бычкова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз орталықтағы балалармен танысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап беріп жатырмыз. Бүгінгі кездесуге ата-аналар да келіп отыр. Олардың отбасылық жағдайымен танысудамыз. Мұнда келушілер жыл сайын көбеюде. Әркім түрлі себеппен келеді. Әрине, бұл жақсы емес. Сондықтан біз жұмысты осыдан бастадық.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ