Алматыда Жастар жылына орай жас кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген 500 миллион теңгенің 20 пайызы ғана игерілген.
Сондықтан қала бюджетінен бөлінген қыруар қаржы тиімді жұмсалмай жатыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының қалалық саяси кеңесінің отырысында айтылды. Алқалы жиында негізінен, жастар мәселесі көтерілді. Мәселен, Елбасының тапсырмасына сай, биыл республикалық маңызы бар үш қалада жұмыссыз жастарға 1000 пәтер беру жоспарланған. Жылдың аяқталуына 4-ақ ай қалды. Бірақ осы уақытқа дейін сол бағдарламаның жобасы да жасалмаған. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік жағдайын шешуге арналған 464 миллион теңге тек бір күндік акциялар мен фестивальдерге шашылған. Ал алматылық жастардың бас ауыртар базынасы «жатақхана проблемасы» бәз баяғы қалпында тұр.
Мәди Ахметов, Қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:
Алматы қаласында 2020 жылдың аяғына дейін 38 жатақхана салу жоспарланған. Бірақ, мына екі жылдың ішінде соңғы өткен мына 18-ші жылдан басталды. Қазіргі таңда істеп тұрған, іске қосылған сол бағдарлама аясында 3 қана жатақхана. Осы жылдың аяғына шейін тағы үш жатақхана бітіру жоспарланып отыр. Яғни қалған 32 жатақхананы біз келер жылы бір жарым жылдың ішінде салып бітеміз бе...
Аманкелді СЕЙІТХАН