Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында қолға алынатын, дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тауып жатыр. Игі шара елордадағы №64 мектеп-лицейінде «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтті. Жалпы, биыл осы акция аясында елордалық екі мыңнан астам бала көмек алмақ.
Ләззат Байылованың 5 баласы бар. Оның төртеуі мектеп оқушысы. Көпбалалы ана оқу маусымы басталарда қаржы жағынан қиналып қалатынын жасырмайды. Өйткені, балаларға қажетті киім-кишек пен құрал-жабдықтарды жыл сайын жаңартып отыру қажет. Бүгін ол қаладағы нөмірі 64 мектеп қабырғасында өтіп жатқан қайырымдылық шарасына қатысып жатыр.
Ләззат Байылова, көпбалалы ана:
Көпбалалы отбасына бұл кішігірім болса да көмек. Әр отбасыда 4-5 баладан мектепте оқыса, ол жақсы көмек болып есептеледі, менің ойымша. Бұл іс-шараға көптен көп рахмет. Ұйымдастырып отырған Алматы әкімдігіне.
Осы маусымда Нұр-Сұлтан қаласының екі мыңнан астам оқушысы "Мектепке жол" акциясы аясында көмек алады. Жылда өткізілетін игі шараны қолдаушылардың қатары да көбеюде.
«Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғаспақ. Бастысы - барлық балаға мектепке жол ашылуы тиіс. Науқан идеясының негізгі мақсаты да осы.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ