Республикалық маңызға ие Атырау-Астрахань тас жолы қайта төселіп жатыр. Бүгінде 277 шақырым жолдың үштен бір бөлігінде, түбегейлі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Ел үшін аса маңызға ие магистраль құрылысы оңтайлы іске асса, жолаушылар уақытын екі есе үнемдейді. Әрі Ресеймен екі жақты қарым-қатынас нығайып, сауда- саттық саласы дамымақ.
Атырау-Астрахань автомагистралімен туристер де жиі жүреді. Польша азаматы Бартош Маж, Қазақстанның батыс қақпасы арқылы Ресейге шығуды көздеген. Осы сапарында тозығы жеткен жолдың кесірінен көп қиындыққа тап болыпты. Қонақ үйдің өзіне әрең жеткенін айтады.
Бартош Маж Турист, Польша азаматы:
Жол өте нашар күйде. Мотоцикліммен әзір жүріп келдім. Тас жолдың қайта төселіп жатқанына қуаныштымын. Жолаушылар енді әбігерге түспейді деп сенгім келеді.
Бүгінде көптің тілегі қабыл болды. Күре жолда қарқынды жөндеу жұмыстары басталды. 60 шақырымы 2021 жылы аяқталмақ. Ауқымды жобаға қазынадан 22 миллирд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жол сапасы халықаралық талаптарға сай болмақ.
Жандос Темірғали, тілші:
Жол жөндеу жұмысына 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Бүгінде жолдың 3 шақырымы қайта төселді. Автомагистральдың ені 9 метр қалыңдығы 15 см. Құрылысқа қажетті материалдардың 95 пайызы отандық өнім.
Көлік қатынасы үшін 26 шақырым айналма жол төселді. Жоспар бойынша, барлық елді мекендердің тұсына мал өтетін өткелдер мен автобус аялдамалары, демалыс алаңдарымен қоса көпірлер салынбақ.
Бердібек Өмірбаев, жоба жетекшісінің орынбасары:
Қазіргі кезде 18 км топырақ төгу жұмыстары аяқталып, 8 км негізі жолдың салынып болды. Биылғы жоспарымыз бойынша, 24 км асфальтты жасамақпыз.
Қалған 217 шақырым магистральдың 80 шақырымын жөндеуден өткізетін бас мердігер компания анықталды. Жол құрылысына қажетті ақша Еуропалық банк есебінен жұмсалады. Әзірге жаңадан төселіп жатқан жолдың қызығын, ауыл баласы Нұртілек көріп жүр.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ