БҚО-да әкімдерге ірі көлемде айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да әкімдерге ірі көлемде айыппұл салынды

22.08.2019

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында тау боп үйілген қоқыстың 128 заңсыз орны анықталды. Аумағы - 60 гектар. Ауыл әкімдері тұрмыстық қалдық төгетін арнайы орын белгілемей, Экологиялық кодекстің талаптарын өрескел бұзған. Бұл прокурорлық тексеріс барысында анықталды.

Ал Щапов, Трёкин ауылдық округтерінде құрылыс және коммуналдық қалдықтар төгілген. Енді Белес, Дариян, Достық, Егіндібұлақ, Железнов секілді 16 ауылдық округ әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Бауыржан Ахметжан, облыс прокурорының аға көмекшісі:

Достық, Зеленое, Рубежинск, Чеботарев ауылдарында қауіпті қоқыс үйінділері газ құбырларына жақын орналасқан. Бұл қоқыс өртенген жағдайда құбырлардың жарылу қаупін туғызады. Осылайша Экологиялық кодекстің 222-бабы бұзылған. Экология департаментінің ұйғарымдары негізінде аталған округтердің әкімдері анықталған бұзушылықтарды жою үстінде.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу