Павлодар мұнай-химия зауыты жылдағыдай егін орағы қарсанында жөндеуге тоқтамайтын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар мұнай-химия зауыты жылдағыдай егін орағы қарсанында жөндеуге тоқтамайтын болды

21.08.2019

 

Павлодар мұнай-химия зауыты жылдағыдай егін орағы қарсанында жөндеуге тоқтамайтын болды. Яғни күзгі жиын-терім барысында шаруалар жанар- жағармайдан тапшылық көрмеуі тиіс. Одан бөлек, кәсіпорын биыл мұнайды өндеп, одан 5 миллион 400 мың тонна дайын өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткіш болмақ.

Павлодар мұнай-химия зауытындағы жаңғырту жұмыстары былтыр аяқталды. Соның нәтижесінде күкірт өндіру және изомерлеу қондырғылары іске қосылды. Өндірісті әртараптандыру арқылы қалдық өндейтін бірнеше цех іске қосылды. Енді К4, К5 жоғары октанды бензин стандарт бойынша шығарылады. Ал негізгі өнім —  шикі мұнайды өндіру көлемі соңғы 20 жылда болмаған деңгейге жетпек.

Ренат Салиқов, кәсіпорынның бас технологы:

Биылғы жылға 5 миллион 400 тонна шикі мұнайды өндіріп, одан 1,5 миллион тонна бензин алу жоспарланып отыр. К4,92,95,98 маркалы сапалы бензин. Одан басқа 1 миллион 600 тонна дизель отыны өндіріледі. 200 мың тонна авиакеросин.

Өндіріс қуатының артуы — заманауи технологияның арқасы. Шикізатты терең өндеу құрылғылары тегіс жаңартылған. Ал гидравликалық, пневматикалық, электромеханикалық жүйелер жаңа тәсіл бойынша қолданылады. Қазіргі уақытта зауыт Ресейдің Батыс-Сібір аймағынан келетін мұнайды ғана өндіріп жатыр.

Даная Смоляная, Орталық лаборатория басшысының орынбасары:

Біздегі зауыт технологиясы Батыс-Сібір аймағының мұнайын өндіруге негізделген. Мәселен, Ақтөбе мұнайы келетін болса бүкіл технологияны қайта өзгерту керек. Отандық өнім құрамында  күкірт және парафин көп. Бұл дайын өнімнің сапасын бұзады.  

Бір айта кетерлігі, Павлодардағы зауыт жылда күзгі орақ уақыты кезінде тоқтап, жөндеу жүргізілетін. Биылдан бастап бұл проблема шешімін тапты. Шаруалар жанар-жағармай тапшылығын сезбейтін болады.

Саятай Әліпбаев, Өндірістік активтердің тұтастығы және механикалық қауіпсіздік департаментінің директоры:

Жаңғырту жұмыстарынан кейін үш жылда бір рет тоқтайтын болдық. Осы жылы біз мамырдың аяғы мен шілденің басында 20 күнге зауытымыз тоқтап, қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 30 қыркүйек пен 23 қазан арасында 1-2 қондырғымызды жоспарлы түрде тоқтататын жұмысымыз бар. Бірақ ол кезде зауытымыз дизель және автожанармайды халыққа, өзіміздің республикамыздың нарығына қалай беріп отыр, солай беріп отырады.

Демек жылдағы жанар-жағармай жыры биылдан бастап сейіледі. Бұл еліміздің отын-энергетика саласында тұрақты даму бар екендігінің айғағы.

Болат АМАНБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу