Семейде тұрғындар үшін қауіпті апатты үйлер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде тұрғындар үшін қауіпті апатты үйлер көп

20.08.2019

Семейде салынғанына бір ғасырдан асып кеткен апатты үйлер көп. Ондай баспаналарда тұрып жатқан тұрғындардың өміріне қазір қауіп төніп тұр. Алайда, мәселені жергілікті билік шешуге қауқарсыз. Себебі ескі үйлердің орнына жаңасын салып, не тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандыруға қажетті қаржы жоқ.

Семейдің дәл орталығында орналасқан мына үй, құжат бойынша 1903 жылы салынған. Қазір бұл үйдің қабырғалары жарылып, едендері шіріп, төбесі мынау сынды болып опырылып құлап жатыр.

116 жыл болған көппәтерлі ескі үйде жасы жетпістен асқан зейнеткер Тұрар әже: «үреймен күн кешіп жатырмын»,- дейді. Осы уақытқа дейін жамап-жасқап келген. Соңғы кезде қабырғалары мен төбесі оған да жарамайтын күйге жеткен. Өйткені, «үй үгіліп барады»,- дейді. 

Тұрар Қожабекова, зейнеткер:

 Жауын жауса болды, шіріп, су ағып, төбе түсіп жатыр. Дірілдеп қалтырап жүргенің. Бір жерге кірше қоясың, бір жерге шелек қоясың. Жаңбыр жаумаса екен деп ойлаймын. Шын айтайын. Күн бұлттана бастаса, менің зәрем ұша бастайды.

Бір ғасырдан асқан үйде алты пәтер бар. Тек зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар ғана тұрады. Қыс түссе құбырлары қатып, жұрт суды тасып ішеді. Пәтерді жылыту үшін пеш жағады. «Алайда әбден тозығы жеткен үй қақаған аязда пана болудан қалды»,- дейді.  Мәселені айтып, тұрғындар әкімшілікке бірнеше рет шағымданған. Арнайы комиссия да келген. Алайда, ешқандай жауап жоқ. .

Рахила Аманова, зейнеткер:

 Дәретхана  қазатын жер де қалған жоқ, әрбір жерді қазып-қазып. Кәріз де жоқ. Қатты жаңбырда, қатты желде төбесі құлайды ма деп содан қорқамыз.

Жергілікті әкімшілік өкілдері қалада мұндай тозығы жеткен үйлердің барын жақсы біліп отыр. Қазір Семейде осы сияқты 23 көпқабатты үй апатты жағдайда тұр. Олардың барлығы салынғанына бір ғасырдан асқан ескі ғимараттар.

Светлана Заурбекова, Қалалық ТҮКШ басшысының орынбасары:

 Мұндай шағын үйлер, көтеріліске дейін өткен ғасырда салынған. Бізде бұл мәселені шешуге қазір қаржы жоқ. Біздің қалаға қаражат мүлдем бөлінбеген. Тек Алматы, Астана мен Батыс Қазақстанда ғана апатты жағдайдағы үйлерді бұзып, басқа  баспана салу бойынша бағдарлама бар.

Семейдегі апатты жағдайдағы ескі үйлердің тұрғындары қазір тек баспана кезегіне тұра алады. Қала бойынша 10 мыңнан астам адам пәтер кезегінде болса, соның ішінде 23 отбасы осындай апатты үйлердің тұрғындары. Оларға баспана алуда ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. 

Ержан ЖАҚЫП

 

Хабарламаларға жазылу