Қазіргі уақытта Сібір жарасы анықталған Ольгинка ауылында эпидемияға қарсы барлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жарияланған карантин 15 күнге дейін жалғасуы мүмкін.
Ербол Мәндібек, тілші:
Сібір жарасы анықталған ауыл кешелі бері қатаң бақылауға алынған. Төңірегі түгелдей трактормен қазылып, кіреберісіне мынандай өткізу бекеті қойылған. Бұл жерде Республикалық эпизотияға қарсы отрядтың бірнеше маманы жұмыс істеуде. Қауіпсіздік шаралары туралы айтсақ, кез-келген адам дәке тағуы шарт. Ауыл ішіне кіріп-шығып жатқан көліктердің шанағы мен дөңгелегі міндетті түрде жуылады. Ауыл адамдары белгіленген шекарадан асып шығарылмайды. Жан-жануарлар да қорада қамаулы. Эпизотиялық отрядтың мамандары ауылдағы жалпы ахуал жөнінде ішінара ақпарат бергенімен, ресми сұхбатқа келіспеді. Айта кетейін, сібір жарасы анықталып карантинге алынған Ольгинка ауылы бас қаламыз Нұр-Сұлтаннан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Мұндағы халықтың негізгі кәсібі — мал шаруашылығы және егін егу.
Ербол МӘНДІБЕК