Қазақстанда алғаш рет келіншек араға екі ай салып егіздің сыңарын дүниеге әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда алғаш рет келіншек араға екі ай салып егіздің сыңарын дүниеге әкелді

16.08.2019

Қос құрсақты ана! Оралда елімізде бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға тіркелді. Екі жатыры бар әйел егіз баласын аман-есен дүниеге әкелді. Бір қызығы — сәбилердің жас айырмасы 2,5 ай. Мұндай жағдайда 50 миллион баланың біреуі ғана аман қалады екен.

Таңғажайып оқиғаға «батыл» ана әлі де сенер-сенбесін білмейді. Лилия Коновалованың жасы 29-да. Өзінің қос құрсақты екенін бұрыннан білген. Бірақ мән бермеген. Өйткені 7 жастағы қызы бар. Бірінші жүктілікте бәрі қалыпты болған.

Лилия Коновалова, қала тұрғыны:

Алғаш естігенде есеңгіреп қалдым. Үйдегілер сенген жоқ. Күтпеген жағдай. Әрине, екеу дегенде қуандық. Бірақ жүктілік өте ауыр өтті. Жұмыс істей алмадым, үйде жаттым. «Түсік болуы мүмкін»,- деді. Екеуі де қатар туып қала ма деп қорықтым. Біздің медицинаға сенбейтін едім бұрын. Дәрігерлерге алғысым шексіз!

Мамыр айында әуелі қызы Лияны босанады. Салмағы 850 грамм болыпты. Кейін 2 жарым айдан соң ұлы Максим кесір тілігі арқылы жарық дүниеге келеді. Оның салмағы 2 келі 900 грамм. Болған жағдайға дәрігерлер де қатты таңғалып отыр.

Нұргүл Жүнісова, Облыстың бас неонотологы:

Өзінің мезгілі жетіп тумағасын, бала да ішкі ағзасы әлі дамып үлгермеген. Сондықтан өкпе жағында патология болғандықтан, ренаимацияға аударылды. Инкубаторда екі айдай жатты. Қазіргі уақытта патология жоқ. Салмағы 2 кг 815 г. Мамасының денсаулығы жақсы.

Деректерге сай мұндай жағдай әлем бойынша соңғы 60 жылда тек 70 рет кездескен. Ал біздің елімізде алғаш тіркеліп тұр.

Есет Ералин, Облыстық перинаталды орталық директорының орынбасары:

Әйелдің анатомиялық ерекшелігі болды. Алматыдағы әріптестерімізбен ақылдастық. Біріншісін босанғаннан кейін жүктілікті жіті бақылап, айы-күні жеткенше қарап, 36 аптада ұлды кесір тілігімен алдық. Бала сап-сау. Негізі мұндай жағдайда 50 миллион баланың бірі ғана аман қалады.

Олар 3 ай перзентханада жатты. Ертең үйге шығуға дайнылып жатыр. Бақытты. Енді олар отбасында 5 –еу болды.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу