Мәжіліс сайлауы Конституцияда көрсетілген мерзімде өтеді. Бүгін елордада «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының мәжілісі өтті. Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қатысып, төрағалық етті. Отырыста "Сайлау туралы" жаңа заң аясында маңызды саяси науқанға дайындық барысы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев партия өкілдеріне сайлауға дайындық жұмыстарын белсенді жүргізуге шақырды.
«Нұр Отан» 20 жыл ішінде елдегі ең қуатты саяси күшке айналды. Келелі кеңесті ашқан Елбасы жетекші партияның осы жылдар ішінде атқарған ісіне баға берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Ең қиын кезеңдерде біздің партия бір арнада жұмыс істеу үшін адамдар мен саясаткерлерді ұйыстыра білді. Біз бейбітшілік пен этносаралық келісімді, саяси тұрақтылықты сақтап қалдық. Осының арқасында көптеген жетістікке жеттік. Бұл ынтымақ біздің елімізді «дағдарыс қыспағынан» алып шығып, инвестиция тартуға, мыңдаған жаңа кәсіпорын ашуға, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, Тәуелсіздігімізді сақтап, оны нығайтып алдық.
Дейтұрғанмен, жаһандық өзгерістер жағдайында партия алдында жаңа және күрделі міндеттер тұр. Қазақстан басқа да тез дамып келе жатқан елдер сияқты «орташа табыс тұзағына» тап болды. Қазір әлемде орта таптық кірістердің тоқырауы байқалады. Сондай-ақ «жаһандағы жағымсыз үрдістер де айтарлықтай ықпалын тигізері сөзсіз», - деді партия төрағасы. Осы себептен халықтың сұранысына дер кезінде ден қою қажеттігін атап өтті Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Қиындықтарға қарамастан, 2050 жылға дейінгі Стратегиядағы басты мақсат - дамыған 30 елдің қатарына кіруіміз қажет. Яғни қазақстандықтардың өмір сүру сапасын дамыған елдердің деңгейіне көтеру мақсатын ұмытпауымыз керек. Бұған жету үшін ең алдымен тұрақтылық, бірлік және ең бастысы барлық қазақстандықтардың қажырлы еңбегі қажет. Мұны әрқайсымыз түсінген абзал. Бұл жолды барлық отыздыққа енген елдер жүріп өткен.
Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық даму бағытының мақсаттарына жету үшін партия жұмысының басым бағыттарын да атап көрсетті. Ол үшін партия алдымен қоғамды біріктіріп, елдің саяси басшылығының бірлігін бекемдеуі тиіс. Ішкі бірлік пен келісім болған кезде өркендеуде де болады. Екіншіден, қатаң тәртіп пен атқарушы биліктің жауапкершілігі қажет. Осылай деген Елбасы, алдағы мәжіліс пен мәслихатардағы сайлау науқанына сапалы дайындықтың маңыздылығына да тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Алда бізді Конституциялық мерзімде өтетін Мәжілістегі маңызды сайлау күтіп тұр. Өткен жылы заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, Мәжілістегі сайлау секілді мәслихаттарда да келесі сайлау алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтеді. Біз жеңіске жетуді және ұзақ мерзімді саяси көшбасшылықты мақсат етіп отырмыз. Сондықтан алдағы сайлау науқанына дайындықты дәл бүгіннен бастау керек.
Сондай-ақ Елбасы барлық азаматтарды мемлекеттің өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін партияға қосылуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Біз өз ұсыныстарын бере бастаған белсенді азаматтарды, блогерлерді көріп, естіп отырмыз. Егер олар шын мәнінде біздің еліміздің қамын жесе, біз оларды ұсынылған идеяларды жүзеге асыру үшін партиямен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын.
Тұңғыш Президент нақты проблемаларды шешу үшін мақсатты жұмыс болу қажеттігін баса айтты.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ