Елордадан 200-ге жуық отбасы Екібастұзға қоныс аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадан 200-ге жуық отбасы Екібастұзға қоныс аударды

15.08.2019

Елордадағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын үймен қамтып, жұмысқа орналастыруға аймақтарда атсалысып жатыр. Мәселен, Павлодар облысы 200-ге жуық отбасын көшіріп алуға ниет білдірді. Олардың дені бүгінде Екібастұз қаласына қоныс аударып, жергілікті тұрғындармен сіңісіп кетті.

Болат Аманбаев, тілші:

Мына үй елордадан Екібастұзға қоныс аударған ағайын үшін құтты қонысқа айналды. Қазір мұнда 137 отбасы тұрып жатыр. Ертең тағы 28 жанұя көшіп келеді. Жергілікті билік жыл аяғына дейін барлығы 200-ден астам отбасын қоныстандырып, оларға барлық жағдайды жасауға дайын отыр.

5 қабатты бұл үйдің сыртқы қасбеті ғана емес, баспана іші де кең етіліп, ерекше жобамен салынған. Есіркеповтар отбасына  осы үйден үш бөлмелі пәтер бұйырды.  Елордада  10 жылдан аса баспана кезегінде тұрғанымен, 5 балалы жанұяға  қаржы жинау қиынға түсті.  Ал Екібастұзда олар алғашқы жарнасын төлемей-ақ  баспанаға қол жеткізді.

Инара Есіркепова, көпбалалы ана:

3-еуі мектепке барады, 1-еуі балабақшада және кішкентай бөпем. Үйде отырмын. Әкімшілік тарапынан бізге көмек, мектепке форма, аяқ киім, сөмке берілмек. Үлкен көмек. Балаларда,, біз де қуанып отырмыз. 

Ерлан Асқаров келгелі Екібастұздағы  «Өнер» мәдениет сарайының сахнасы сыңғырлап сала берді. Себебі бұрын-соңды бұл ұжымда «сахна мотористі» деген кәсіби маман болмаған. Сондықтан 4 баланың әкесі жұмысқа бірден қабылданды. 

Ерлан Асқаров, қала тұрғыны:   

Сахнаны әрлеу үшін, жарық беру үшін арналған құрылғылар. Менің өзімнің мамандығым — сахна жабдықтарына қызмет көрсету технигі. Осы мамандықпен Тәуелсіздік сарайында 11 жыл жұмыс істегенмін. Осы қазір Екібастұз қаласына көшіп келгелі жұмыс та шешілді, пәтер мәселесі түгел шешілді. Екібастұз жақсы қала екен.  

Елордадан қоныс аударған алты бірдей маман көшіп келгеннен кейін екінші күні-ақ қалалық перзентханаға жұмысқа қабылданды. Эльза Жұматаева — медбике. «Бастапқыда  әлеуметтік бағдарламаға күмәнмен қарағаным рас. Қазір көңілім әбден жайланды»,-дейді .

Эльза Жұматаева, қала тұрғыны:

Қазір жолдасым оқып жатыр. Әзірге жұмысқа бармайды. «Қалай оқуын бітіреді, бірден жұмысқа орналастырамыз»,-деп айтып жатыр. Қызымыз медколледжге үшінші курсына ауысты, Астана қаласынан осы Екібастұзға ауыстырдық.  

Жергілікті билік  жеке кәсібін ашқысы келетіндерге де қаржылай көмек бермек.

Алтыншаш Әбенова, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің директоры:

Біз оларға грант берілуіне жағдай жасамақпыз. Қазір ондаған адамның өтініші қаралып жатыр. Олар шағын бизнеспен айналыспақшы.Ол үшін бастапқы қаржы керек қой.

Жұмыс та, жәйлі  тұрмыс та бар. Жұмыспен қамту, балаларын мектеп, балабақшаға орналастырудан бөлек қоныс аударушылар қоғамдық көлікте де тегін жүреді .  

Болат АМАНБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу