Қызылордада «Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» атты бірінші көшпелі семинар өтті. Онда комиссия жұмысы және оған қойылатын талаптар, мемлекеттік ревизор мәртебесін арттыру жолдары талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақтардағы тексеру комиссияларын Есеп комитетінің құзыретіне беру жөнінде жұмыстар басталды. Енді өңірдегі ревизорлар жергілікті атқарушы билікке тәуелді болмайды. Есеп комитетінің бастамасымен заңға және кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Соған сәйкес, мемлекет қаржысын тиімсіз жоспарлаған, мақсатсыз пайдаланған тұлғалар қатаң жазаланады.
Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:
Егер бұрын біз тек бюджет игерілуін тексеретін болсақ, қазір Есеп комитетінің қарауына мемлекеттік бағдарламалардың аудиті, жекелеген салалар аудиті, мемлекеттік мүлік пен активтерді пайдалану аудиті сияқты өкілеттіктер берілді. Олар сыртқы мемлекеттік аудит ретінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тиімділігін арттыру міндетін де назардан тыс қалдырмауы қажет. Бұл үшін ревизорлар тексеру жұмыстары барысында мәліметтің обьективті, нақты болуына мән беруі тиіс.
Жүзеге асырылып жатқан жобаның тиімсіз, әрі көп шығынды екенін аудитор дәлелдейтін болса, жобаға жауаптылар жазаланады. Былтыр Есеп комитетімен 138 миллиард теңгенің, тексеру комиссиялары 314 миллиард теңгенің мақсатсыз игерілгенін анықтады. Бұл қаражатқа 880 мектеп салуға болады. Сондай-ақ қазір тексеру комиссияларының мәртебесі нақтыланып жатыр.
Қуанышбек Ысқақов, Облыс әкімі:
Аудан әкімдерінен, басқарма басшыларынан сұрақ көп. Мысалы, Есеп комитеті, тексеру комиссиясы, Ішкі аудит департаменті тексеру актісін жасайды. Бірақ, құқық қорғау органдары ішкі аудит департаментіне оның үстінен қайта тексеруді тапсырады. Бұл біріншіден, көп уақыт алады. Екіншіден, құрылған актіге сенімсіздік туғызады. Осыны басқа шешуге болмай ма?
Тексеру комиссиясының жұмысына қатысты осындай сұрақтар бар. Ол мәселелер алдағы уақытта қаралатын болады. Жалпы, Қызылорда облысының тексеру комиссиясы республикада ең алдыңғы қатарда. Соңғы екі жылдағы өңірдің даму нәтижесі өте жоғары деп бағаланып отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ