СҚО-да егін орағы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да егін орағы басталды

15.08.2019

Диқандар 4 миллион 200 мың тонна алқаптан ырыс дәнін жинауға кірісті. Ауа райына байланысты жылда бидайдың шығымы да әртүрлі болады. Ал мол өнім алудың кепілі - ғылым мен тәжірибені ұштастыру. Теріскейде маңызды науқанның алдында агроөнеркәсіп саласының мамандары мен ғалымдар өңірдегі егіншілік саласын дамыту мәселерін талқылады.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Ауыл шаруашылығы - тәуекелі мол сала. Диқандар қуаңшылық жылдары, не болмаса жауын-шашын мол жылдары тақырға отырып қалмас үшін ғылыми жетістіктерге негізделген технологияларды пайдаланады. Мысалы, мына алқаптағы Астана сұрпы жақсы күтім болса, гектарынан 35-40 центнерге дейін өнім береді.

Теріскейдің арпа-бидайы, майлы дақылдары бүгінде 40-тан астам елге экспортталады. Жыл сайын 4 миллион гектар алқаптан 5 миллион тоннадан астам астық орады. Гектар берекелілігі орта есеппен 17-18 центнерден шығады. «Бірақ бұл аз», - дейді мамандар.

Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры:

Ауа райына тәуелді болмауымыз керек. Жаңа технологияларды қолданып, өсіруіміз керек. Мысалы, дамыған елдерде, Канадада бидайдың өнімділігі бізге қарағанда 2-2,5 есе жоғары. Өйткені жаңа технологияларды қолданады. Сондықтан біз ойлануымыз керек, біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.

«Жылдар бойы жинақталған тәжірибеге сүйену керек», - дейді мамандар. Ғалымдардың ұсынысына сай егін егіп, тыңайтқыштарды орнымен пайдаланса ғана мол өнім алуға кепілдік бар.

Анатолий Рафальский, агроқұрылым басшысы:

Астық егіншілік мәдениеті қалыптасқан шаруашылықтарда мол болады. Жақсы тұқым, қорғаныс және азық, өнімі мол сұрыптың тұқымын аурулар мен зиянкестерден қорғалған алқапқа сеуіп, тыңайтқыштармен қоректендіру - негізгі фактор осы. Біздің өңірде бұл мәдениет қалыптасқан. Енді соны жетілдіру мақсаты тұр алдымызда.

Бүгінгі жиында диқандарға алқапты зондтау, жерді құнарландыру технологиясы мен дәл егіншілік принциптері таныстырылды. Мысалы, мына дрондар арқылы алқаптардағы шығымдылықты тексеріп, тыңайтқыш себуді реттейді. Бұл жаңашылдықтың арқасында астық шығымдылығын көбейтіп, қуаңшылықтың алдын алуға болады.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу