Атырауда үш ауысымды мектеп мәселесі өте өзекті болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда үш ауысымды мектеп мәселесі өте өзекті болып тұр

12.08.2019

Атырауда үш ауысымды мектептер мәселесі өткір тұр. Аймақта осындай 14 білім  беру мекемесі бар. Оның 13-і қалада орналасқан. Бір өкініштісі, үш ауысымды мектептер саны өткен жылмен салыстырғанда, биыл біреуге ғана азайған.

Жандос Темірғали, тілші:

 Салаға жауаптылар, үш ауысымда білім беретін мектептердің азаймауын, өңірдегі демографиялық жағдайдың күрт өсуімен байланыстырады. Статистиканы сөйлетсек,  мәселен, өткен жылы 1 сыныпқа 16 мыңнан астам оқушы қабылданған. Ал биыл мектеп табалдырығын 18 мыңға жуық  бала аттағалы отыр. Әрине қуантарлық жағдай. Алайда, бұл  үш ауысымды оқыту жүйесіне жүк болары сөзсіз.  

Атақты ақын Жұмекен Нәжімеденовтың атына берілген мектеп, жаңа оқу жылын 1800-ден астам оқушымен бастамақ. Негізі білім ордасы 600 орынға шақталып салынған. Бастауыш орыс сыныптарының көбейюінен, өткен жылдан бастап үш ауысымға көшті. Бұл мәселе балаға қолайсыздық, ал мектепке жайсыздық тудырып тұр.

Жанна Құлбатырова, Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектеп директоры:

Орыс сыныбының көбеюіне байланысты, үш ауысымдықта отырмыз. 2 ауысымда оқыса, әрине бала үшін басқа да үйірмелерге қатыстыруға жақсы болар еді деп ойлаймыз.

Үш ауысымда оқытуды ата-аналар да қолдамайды. Олардың пікірінше, оқушы санының шамадан тыс көптігі білім сапасын ақсатады. Әрі балаға  да артық жүктеме.   

Валентина Бекжанова, ата-ана:

Білімнің меңгеруіне қиындық тудырып тұр. Және балаларды уақытында алып кету үшін, мысалы, жұмыстан 6-да шығамыз ғой. Күтіп тұрамыз, балалар шаршайды.

Биылғы оқу жылында 5 мектеп пайдалануға беріледі. Қосымша 3 оқу ордасы бой көтермек. Жергілікті билік үш ауысымда  оқытуды жою мақсатында, 3 білім ошағына қосымша ғимарат салып берді.  Жауаптылар айналасы 2 жылда күрмеулі мәселенің түйінін тарқатамыз деп бекініп отыр.

Жансұлу Төремұратова, Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Жалпы, облыс бойынша қосымша 10 мектеп салынып жатыр. Үш ауысымдық мектептер проблемасы әрі кеткенде 2 жылда шешімін табады деп біз жоспарлап отырмыз.

Маман тапшылығы да жағдайды күрделендіріп тұр. Мәселен, аймаққа 472 мұғалім керек. Бұл мәселе де білім басқармасына жығылғанның үстіне жұдырық болды.   

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

 

Хабарламаларға жазылу