Қоқыс полигондарын заңдастыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоқыс полигондарын заңдастыру қажет

12.08.2019

Ақмола облысында полигондардың ауданы жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл өз кезегінде табиғатқа кері әсерін тигізіп, тұрғындардың мазасын алуда. Қоқыс төгілетін аумақтың шекарасы белгіленбеген. Қалдықтарды өңдеу, жою бойынша ешқандай жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Шағын елді мекендерді былай қойғанда, мұндай проблема аудан орталықтарында да кездесіп отыр.

Ермек Елберген, тілші:

Бұл - Макинск қаласының қоқыс полигоны. Осы орын рәсімделмеген, яғни заңсыз деп айтуға болады. Әзірге тұрғындарға ешқандай қолайсыздық келтірмеуде. Дегенмен де осындай жағдай әрі қарай жалғасатын болса, осы жерден шыққан иіс, қалдықтар қаланың ішіне де кіруі әбден мүмкін.

Облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың барлығы дерлік өткен ғасырдың 80-інші, 90-ыншы жылдары ашылған. Уақыт өткенімен көбі тіркеусіз тұр. Әсіресе, ауыл-аймақтағы қоқыс орындарының құжаттары жоқ. Сондықтан қараусыз жатыр.

Ораз Смағұлов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:

Заңдастырып, басқа жерден ТБО ашу керек. Мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі.

Бүгінде Ақмола облысында 400 полигон бар. Оның тек 25-і заңдастырылып, 130-ына арнайы жер бөлінген. Ал қалған қоқыс төгілетін орындар қараусыз.

Көшекбай Біржекеев, Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл 5 ауданға ақша берілген. 15 миллион 800, 15 миллион 500, соған өтінім жібердік. Бірақ біздің ұсынысымыз өтпей қалды.

Қазіргі уақытта аймақта жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 3,5 миллион тоннадан артық. Сондықтан оны сұрыптау жұмыстарын жүргізу керек. Ол үшін қоқыс өңдеу зауыттары қажет. Бұл кәсіпкерлік сала. Ал мемлекеттік мекемелер қауқарсыз. «Заңдастыру жұмыстарын жылдамдатуға республикалық бюджеттен қолдау керек», - дейді мамандар. Себебін шығын көптігімен түсіндіреді.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу