Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай мамандар марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай мамандар марапатталды

09.08.2019

Қызылорда құрылыс қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр. Былтыр облыста 59 әлеуметтік нысан салынған. Соңғы 4 жылда 12 мөлтек аудан пайдалануға берілді. 7 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Бұл орайда құрылысшылардың еңбегі орасан.   Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай өткізілген салтанатты жиында саланың үздіктері марапатқа ие болды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2013 жылы өңірде 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл  720 шаршы метр үй пайдалануға берілді. Соңғы 6 жылда екі жарым есеге артты. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде 43 көпқабатты үй салынып жатыр.

Мұхамедиса Әлсеріков, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Көпбалалы аналарға берілетін тұрғын үйге 3,6 миллиард ақша бөлінді. Соған биыл 446 пәтер пайдалануға берілді. Оған қосымша Тұрғын үй жинақ банкі арқылы 2 пайыздық өсіммен Үкіметтен 3,4 миллиард теңге бөлінді. Оған «Бақытты отбасы» бағдарламасымен қазір 406 отбасына үй беріледі.

Мұнан басқа, биыл 4 әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді. Шалғай ауылдарда медиицналық бекет, мәдениет үйі, балабақша бой көтеріп, ауылдағы ағайын қуанды.  Халыққа қуаныш сыйлаған саланың үздіктері бүгінгі мерекеде сый-сияпатқа ие болды.

Айдарбек Қазбеков, Қызылорда қаласының құрметті құрылысшысы, сала ардагері: 

Құрылысшылар деген керемет  халық. Оның салған құрылыстары, оның салған ғимараттары ғасырдан ғасырға кетеді. Ол көркем өнердің туындылары болып есептеледі. Сондай туындылар біздің Қызылордада көбейіп келе жатыр. Оның өзі біздің Тәуелсіздігіміздің арқасында.

Қожахмет Мырзабек,  «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері:

Тұрғын үй өткізуден біздің Қызылорда облысы алдыңғы қатарда. Мұның бәрі құрылысшылардың еңбегі деп есептейміз. Бұл жалғыз маған берілген атақ емес, сол мекемеге берілген атақ. Оның ұжымына, басшысына рахметімді айтамын!

Бүгін сондай-ақ, «Құрылысы қарышты Қызылорда» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сала тарихының өткені мен бүгінінен сыр шертер туынды ертеңгі ұрпақ үшін құнды жәдігер болады.

 

 Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу