Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз қазғандарға тыйым болмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз қазғандарға тыйым болмай тұр

09.08.2019

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз қазатындарға тыйым болмай тұр. Әсіресе, қиыршық тасты тонналап тасып, саудалайтындар көбейген. Ол аздай, кен орындарының заңды иелері де мемлекетке шаш етектен қарыз. Бүгінде жер қойнауын пайдаланушылардың борышы 300 миллион теңгеге жуықтаған.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Түркістан өңірінде 124 кен орны бар. Соның 58-нен осындай құм- шағыл қоспасы алынады. Үй мен жол құрылысына аса қажет болған соң, бұл материалға нарықта сұраныс көп. Сондықтан жер қойнауын заңсыз қазатындар көп. Құзырлы органдар  жыл басынан осындай 33 жайтты анықтады.

Бәленбай жыл мемлекеттік кеңседе  бухгалтер боп істеген Венара Әбдікәрімова қартайғанда карьер басында.  Өндіруші компанияның есеп-қисабын жүргізеді. Өзен аңғарын қазып, одан құм, тас, қиыршық сүзіп, құрылыс мекемелеріне сатады.

Венера Әбдікәрімова, жер қойнауын пайдаланушы компания өкілі:

Естіп жатырмыз көп желерде тас ұрланып, сатылып жатыр. Сол үшін экология ма, басқа да құзырлы органдар табиғи ресурстар орталығындағы күзетті күшейтсе екен дейміз.

Түркістан өңірінде жер қойнауын заңды пайдаланып жатқан 190 компания бар. Оның 38-і қатты пайдалы қазбаларды, 28-і жер асты суларын игереді. Ал құм, тас, топырақ секілді кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 124 компаниямен келісімшарт жасалған. Соның арқасында әрқайсысы бір-бір кен орнына  қожа боп отыр. Пайдалы қазбаның көлеміне, мерзіміне қарай олар облыстық қазынаға қаржы төлеуі тиіс. Алайда жер байлығын тонналап тасып, қыруар табыс көрсе де, 42 компания мемлекет алдындағы міндеттемесін орындамаған. Олардың борышы 293 миллион теңгеге жеткен. 

Әнуар Құрманов, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы:

2018 жылдың қаңтарынан 13 компанияның үстінен сотқа талап арыз бердік. Біреуі өз еркімен төлеп, қайтарып алдық. Қазір 12-нен 137 миллион теңгені мәжбүрлеп өндіріп алу туралы сот шешімі шықты.

Ал облыстық полиция табиғат тонаушылармен күресті күшейтті. Қиыршық тас тиеген 53 ауыр техниканы тәркілеп,  айып тұрағына тықты. Әр ауданда үш адамнан жедел топ құрылды. Алайда, заңның солқылдақтығын пайдаланғандар   айылын жияр емес. Себебі табиғатқа келтірілген залал 2 жарым миллион теңгеден аспаса, тонаушы қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетеді. Ал бір жүк көлігіне тиелген құм- шағыл қоспасының бағасы 25-30 мың теңгеге  бағаланады. Демек ұсталғандарды темір торға қамау үшін кем дегенде 100 көлікпен жымқырғанын дәлелдеу керек. Ал бұл өте қиын. 

Нұрлан Тұмабаев, Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

Егер де ҚР қылмыстық кодекстің 334 бабы бойынша табиғатқа келтірілген залал 100 АЕК көлемінен асса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оған жетпесе мемлекет меншігіне қол сұққаны бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеке тұлғалар 50 АЕК, ірі, орта субъектілер 500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Осы себептен, жыл басынан бері ұсталған 33 адамның тек 11-інің үстінен іс қозғалған.  Мемлекетке   500 миллион теңге көлемінде залал келген.    

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу