Алматы облысындағы «Мерейлі отбасы» байқауында екі шаңырақ үздік деп танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы «Мерейлі отбасы» байқауында екі шаңырақ үздік деп танылды

09.08.2019

Алматы облысындағы «Мерейлі отбасы» байқауында екі шаңырақ үздік деп танылды. Бірі - Балқаш ауданындағы Қыстаубаевтар әулеті болса, екіншісі - Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылынан Ақбасовтар шаңырағы. Дәл осы Ақбасовтар отбасы республикалық байқауға жолдама ұтып алды.

Бұл - Баясыл Ақбасовтың бақытты сәттерінің бірі. Немерелері туған күнімен құттықтап, өз қолымен жасаған сыйхаттарын табыстап жатыр. Баясыл аға мен Ғалия апайдың шаңырақ көтергендеріне биыл - 41 жыл. Екі қыз, үш ұл тәрбиелеп, олардан 10-нан астам немере сүйіп отыр. «Ерен еңбек, терең білім және сабырлы сана әр шаңырақты мерейлі етеді», - дейді отағасы.

Баясыл Ақбасов, өндірістік кооператив төрағасы:

Бала-шағаға жан-жақтарыңа қарап, кем-кетіктерді, жетім-жесірлерді елеп, соларға көмектеріңді аямай жүріңдер дейміз. Тәубә, балалардың бәрінің қолы ашық.

Шаңырақ иесі ауыл шаруашылығының маманы. Ұзақ жылдар бойы өңірдің мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып келеді. Ал әулеттің анасы Ғалия апай әлеуметтік салада еңбек етті. Қазір қоғамдық жұмыстарға етене араласып, аудандық аналар кеңесін басқаруда. Өзара түсіністіктің арқасында ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бақыттың кілтін таба білген жандар.

Ғалия Ақбасова, Кербұлақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы:

Бақытты отбасы ол жаныңдағы жарың, бала-шағаң, отбасың, еліңнің, жұртыңның амандығы деп есептеймін. Ең бірінші байлық - денсаулық. Сол денсаулықтың арқасында отбасыңда амандық болса, содан артық бақыт жоқ.

Жетісулық отбасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңге дайындық үстінде. Әулет үшін жеңіс маңызды емес. Маңыздысы - еліміздегі мыңдаған шаңыраққа үлгі болу.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу