Сегізсай ауылында аудан орталығымен қатынайтын қатқыл табанды жол жоқ
«Ауылға жол керек!». Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданына қарасты Сегізсай ауылының тұрғындары осындай базына айтады. Аудан орталығымен қатынайтын жолда мүлдем қатқыл табанды төсем жоқ. «Ең болмаса, ауылға кіреберіс 5 шақырым жолды тегістеп берсе»,- дейді халық. Президент өзінің «Өңірлерді дамыту» атты жетінші бағытында, «Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс»,- деген еді. Ауылдық ағайынның мұң-мұқтажы қалай шешілмек?
Ерік Бижановтың ес білгелі көргені осы ойқыл-шойқыл жол. Сегізсай ауылы аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта жатыр. «Ең болмаса, осы Орал-Ақтөбе тасжолына дейінгі ауылға кіреберіс 5 шақырым жолды жөндесе»,- дейді. Бірақ неше жылдан бері биліктен қайыр болмағасын, ауыл азаматтары жиналып, ақтас төсеп тастаған.
Ерік Бижанов, Сегізсай ауылының тұрғыны:
Ауылымыздың жолы осы, көріп тұрғандарыңыздай, күз-көктемде балшықта қиын болады. Қатынас қиын. Жақында осы ауыл болып жиналып, бор төктірдік. Ертең тегістетеміз.
Көктемде қар суы жолды әлсін-әлсін жырып кетеді. Батпақта ауыл халқы оны айналып өтіп, жайын жолмен жүреді. Көлікті қойып, ат арбамен жүретін кездері көп.
Зарлық Сүйіндіков, зейнеткер:
Негізгі жол ғой енді қатынасып тұратын. Ауыратын болады, ел болғасын, өлім болады, той болады. Сондай кезде қатынау қиын боп тұр.
Ауданда 300 шақырымнан астам облыстық және аудандық маңыздағы жол бар. Аудан орталығы мен Сегізсай ауылының арасын тегістеу үшін екі жоба қолға алынған. Осы 110 шақырым жол бойында 5 мыңнан астам халық тұрады.
Альберт Есқалиев, Шыңғырлау ауданының әкімі:
Шыңғырлау-Ұрсай бағытындағы 12 км-ге орташа жөндеу жасақталады. Аршат ауылына дейінгі 70 км-дің 32 шақырымына күрделі жөндеу жасалады. Осы жасалып жатқан екі жолдың 32 км 2 миллиард теңге ақша өткен жылы бөлініп басталып, осы жылға ауыспалы түрде келіп, биыл жылдың аяғына дейн аяқталады. 12 шақырымға 500 миллион теңге бөлінді, ол биыл аяқталады.
Яғни ауылға кіреберіс бес шақырымдық жолды жөндеу үшін әлі бір-екі жыл уақыт керек. Жергілікті биліктің жоспары солай. Демек, ауыл халқына өз күшімен амалдай тұруына тура келеді.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы