Ақмола облысының Макинск қаласында тұтас бір шағын аудан бірнеше жылдан бері жарықсыз отыр. Себебі бюджет қаржысына тартылған электр желісі сол күйі іске қосылмай, рәсімделмей қалған. Мәселені шешуге жергілікті атқамінерлердің де қауқары жетпей отыр.
Сабырхан Мырзаев 2015 жылы жер алып, үй салды. Жоспар бойынша бұл шағын ауданда барлық инженерлік желілер болуы тиіс еді. Соған сеніп, Сабырхан сияқты баспана тұрғызғандар көп. Алайда электр энергиясының жоқтығы бүкіл ауыл тұрғындарының бас ауруына айналды.
Сабырхан Мырзаев, Макинск қаласының тұрғыны:
Осы жерде қанша халық бар, халықтың барлығы свет ала алмай отырмыз. Бұны қалай шешуге болатынын біз түсінбейміз. Барып-барып шаршадық. Үй салатын кісілер бар. Бар болғанмен қазір ешкім ешқандай электроинструмент, мына электроэнергиясы болмағасын ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Өзіміз қазір кіріп отырмыз, кіргенде светсіз отырмыз.
Жергілікті билік миллиондап қаржы бөліп, бағаналар тұрғызған. Сымдарын жалғаған. Бірақ құзырлы мекеме тоқты тек таратушы бекетке дейін ғана жеткіземіз деп отыр. Себебі мемлекет қаржысына салынған желіні сатып алуға құлықсыз. Ал әкімдік тегін бере алмайды. Заңға қайшы.
Ермек Елберген, тілші:
Дәл осындай мәселе жаңадан салынып жатқан нысандарда да орын алмақ. Мына тұрғын үй көпбалалы отбасыларға, баспана кезегінде тұрғандарға берілмек. Алайда нысан тоқсыз қалуы әбден мүмкін. Себебі бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп салынған мына электрэнергиясын тарату шағын станциясын қолданысқа беру тетіктері болмай тұр.
Марат Әкімов, Бұланды аудандық электр желілері мекемесінің басшысы:
Бұл бюджеттің ақшасына салынған үйлер. Бір жағынан олар бере алмайды, бір жағынан біз ала алмайтынымыз бұл тарифқа енгізілмеген. Сондықтан олар бізге кіре алмайды. Біздің ұйым өз балансына ала алмайды. Бұл жерде бір арендаға беріледі ме? Бұл Қазақстан бойынша шешілмеген.
Қондырғы әзірше тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қарауында болады. Ал мемлекеттік мекеменің тұрғындардан ақша жинауға құқы жоқ. Демек, тұрғындар жарық үшін заңды тұлға ретінде қымбат тарифпен төлеуге мәжбүр.
Ораз Смағұлов, Бұланды ауданының әкімінің орынбасары:
Біз оған да келісіп тұрмыз. Уақытша. Бір күндік шешілетін дүние емес. Ал қалған тарифтың айырмашылығын Үкімет бюджетке өзіміз аламыз деп ұйғарып отырмыз. Енді оны қалай заңдастырып, қалай беретіні шешілмей жатыр.
Тараптардың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Сондықтан жарыққа жарымаған жұрттың қараңғылық құшағында әлі біраз отыруына тура келеді.
Ермек ЕЛБЕРГЕН