Осы айтылған «Бірге -таза Қазақстан!» акциясы аясында республика бойынша 3 аптада 20 мың тонна қоқыс жиналды. Экологиялық бастаманы қолдаушылар көп. Олардың қатарында Үкімет басшысы Асқар Мамин мен министрлер де бар. Сондай-ақ оқушылар мен белсенді азаматтар да елді мекендер мен қала маңайын тазалау жұмыстарына өз еркімен қатысып жатыр.
Науқан идеясының авторы – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі – Мағзұм Мырзағалиев. Маңыздысы – бұл акцияға адамдардың өз еркімен қатысуы. 3 аптада 300 мыңға жуық кісіні жұмылдырған шара – халықта экологиялық мәдениеттің қалыптасып жатқанының белгісі болса керек. 21 күн ішінде ел бойынша 20 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Әсіресе Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе аймақтары көп ластанған. Ал елорда маңын тазартуға ат салысқандардың арасында Министр Сапархан Омаров бастаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің 300-дей қызметкері бар.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бұл өте керек акция. Осыған өзіміздің жастарымызды үйретуіміз керек... Сондықтан, тәрбиеге келтіруіміз керек. Бала-ашағаны үйретуіміз керек.
Ал елорда әкімі Алтай Көлгінов бастаған топ болса, «Майбалық» көлінің жағалауында қоршаған ортаға жанашырлық танытты. Жалпы сенбілікке 1 мыңнан аса елордалық шықты.
Самал Ибраева, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі:
Біз ойлағанбыз бұл бір рет өткізіп, бір шара болатын шығар деп ойлағанбыз. Дегенмен 3 апта болды. Үшінші, бесінші..Министрлікке түрлі компаниядан звондап жатыр. Ұлттық компаниялар, жеке бизнес өкілдері звондап жатыр. Яғни бұл науқанға қатысып жатқандардың саны көптеп асып жатыр. Бұл жобаның жалғасын табатындығын көріп отырмыз.
Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берген акция 27 маусымда басталған еді. Экологиялық челлендж апта сайын қыркүйек айының соңына дейін өткізілмек. Науқан аясында жиналған қоқыстар арнайы жәшіктерге сұрыпталды. Қайта өңдеуге жарайтындары мақсатына сай жұмсалады.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
