Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір мектептер жаңа оқу жылына дайын емес. Көбінің есік-терезесі ашық — тесік күйі жатыр. Жалпы биыл өңірдегі оқу орындарын жөндеуге бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бірақ жұмыстың кеш басталуына байланысты кейбір білім нысандары 1 қыркүйекке дейін үлгермеуі мүмкін.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Қожаберген жырау атындағы нөмірі 6 қазақ орта мектебі Петропавлдағы көне ғимараттардың бірінде орналасқан. Бұл нысан өткен ғасырдың 37-ші жылы салынған. Биыл мектепті жөндеуге бюджеттен 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Оқу жылының басталуына 20 күндей ғана уақыт қалса да, жұмыстың әлі бітетін түрі көрінбейді.
Мектептің ішкі әрлеу жұмыстарына 90 миллион теңге жұмсалмақ. Бірақ 80 жыл бұрын салынған ғимараттың тоз-тозы шығып, құрылысшылар ескіні жамап естері шығуда.
Сабыржан Биғожин, құрылыс компаниясының өкілі:
Қиындық көп, сәкісі де шіріген, шатыры да шіріген. Оған смета жоқ. Бірақ жөндеп істеп жатырмыз, 1-2 жылдай ақпайтындай қылып. Сосын өздері жөндер енді.
Лидия Куфельдің немересі 8 мектепте оқиды. Күнде қасынан өтемін, жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті, білім күніне дейін үлгерсе екен деген уайымы да жоқ емес.
Лидия Куфель, қала тұрғыны:
Аз ғана уақыт қалды. Мына түрлерімен үлгермейтін сияқты. Ертең тақалған кезде асыға бастайды. Ал асығыс-үсігіс істелген нәрседе сапа болушы ма еді? Сондықтан ертең балалар қыста суық кабинеттерде жауарап отырмаса екен деп алаңдаймын.
Жалпы биыл облыстағы мектептерді жөндеуге республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді. Оның 850 миллион теңгеден астамы қаладағы білім мекемелеріне жұмсалмақ.
Айнагүл Сұрағанова, Қалалық білім бөлімінің басшысы:
Күрделі жөндеу жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Оның 12-сінде мерзімінен бұрын аяқталды. Қазір 10 мекемеде жүріп жатыр, оның жаңа оқу жылына дейін аяқтайды деп ойлаймыз.
Жергілікті атқамінерлердің айтуынша, мердігерлер келісім бойынша 31 тамызға дейін аяқтауы тиіс. Үлгермеген компанияларды заң аясында жауапқа тарту сол кезде ғана мүмкін болады. Ал әзірге жұмыстың сапалы орындалуын ғана қадағалауда.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ