Маңғыстау облысында белгісіз себептен түйелер қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында белгісіз себептен түйелер қырылып жатыр

05.08.2019

Маңғыстау облысында белгісіз індеттен түйелер жаппай қырылып жатыр. Жергілікті тұрғындардың есебі бойынша өңірде соңғы 2 айда 100- ден астам ойсыл қара тұқымы арам өлген. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, бұл ақпаратты жоққа шығарып, шығын көлемі небары 8 түйе екенін алға тартты. Қазір сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

Бұғабай ақсақал Бейнеу ауданындағы Сыңғырлау ауылында тұрады. Мамандығы— мал дәрігері. Зейнеткер ауырмай-сырқамай өлген түйесін мамандармен бірге тексерген. Бірақ түйе өлімінің себебін анықтай алмай дал.

 

Бұғабай Қанатов, Сыңғырлау ауылының тұрғыны:

Кешке сауылып тұрған түйе таңертең өліп қалған екен. Содан мамандарды шақырдым, сойып тексерді. Жалпы жұқпалы аурудың белгісі білінбейтін сияқты. Менің көп жылдық тәжірибем бар. Шөптен болып тұрған сияқты болып сезіледі маған.

Ауылдықтардың айтуынша, түйелердің іші кеуіп, жатқан жерінен тұрмай қалады. Мал дәрігерлерінен күдер үзген тұрғындар кешікпей түйелерін өздері емдеуге көшкен. 

 

Айберген Ізбасаров, Сарға ауылының тұрғыны:

Бұдан 20 шақты күн бұрын келін түйе саууға кеткен. Жүгіріп келді «түйе құлап қалды» деп. Дәрігерлер өзімізше көмек көрсеттік. 5-5 литрден 2 рет марганцовка ішті. Одан кейін түйені жығып ұстап тұрып, 2 коланы аузына құйдық. Одан кейін таза сумен мезим деген дәріден 3-еуін салдық, негізі 5 еуін салады екен. Содан жарты сағатта түйе өз-өзіне келген болып, шөгіп жатты. 

Мамандар өлген малдан бірқатар сынама алған. Тексерулер облыстық және республикалық деңгейде жүргізілді. Нәтижесінде шөптің құрамынан ауыр тұз металдары анықталды.

 

Амангелді Ешмұхаметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау басқармасының басшысы:

Боранқұл елді мекенінде шын мәнінде, 100 түйе емес 8 бас түйе өлгені белгілі болды. Түйе өлгеніне байланысты сол жердегі шөптен, судан сынамалар алынып, Маңғыстау облыстық лабораториясында тексерілген. Тексерулер нәтижесі бойынша, сол шөптен алколойдтардың құрамы табылған. Малдың өлімінің себебі содан ба деп ойлаймын.    

Министрліктің мәліметінше, облыста тек 8 түйе өлген. Бірақ тұрғындар Бейнеу ауданындағы 9 ауылда 59 ойсылқара тұқымының шығын болғанын айтады. Ал шөптен уланудың алдын-алу үшін мамандар маңғыстаулықтарға малдың жайылымын ауыстыруға кеңес берді. Сондай-ақ жұқпалы ауру анықталмағандықтан, өтемақы төленбейтінін алға тартты.

 

Аягөз ОРАЛБАЙ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу