36 отбасы Екібастұзға көшіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

36 отбасы Екібастұзға көшіп кетті

02.08.2019

Елордалық 36 отбасы Екібастұзға қоныс аударды. Бұл — «Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен іске асырылып отырған екінші көш. Яғни әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз етіп, жұмыс тауып беру – мемлекеттің әлеуметтік саладағы басты ұстанымы. 

Бұл отбасыға 10 жыл арман болған баспана бір мезетте бұйырды. Тараздан нәпақа табу мақсатымен бас қалаға келгелі осынша уақыт. Содан бері аядай жерді жалдап тұруы үшін аянбай еңбек еткен. Бірақ қаржы жинай алмай қиналыпты. Енді Екібастұздан 80 шаршы метрлі үш бөлмелі пәтерге ие болып отыр. Жаңа үйіне кіріп, жаңа өмір бастауға асық. Көпбалалы ата-ананың жоспары да көп.

 

Әйгерім Биғазиева, көпбалалы ана:

Бәрі Құдайға шүкір жақсы болса екен, әйтеуір ойымыздағыдай шықса екен,-деп бара жатырмыз. Қобалжу үстіндеміз. Балаларымыздың болашағы. Ертең оқып жатса да жағдай жасау керекпіз ғой. Жаспыз.

 

Мұндай қуанышы қойнына сыймай тұрған 36 отбасы бар. Ішінде әлеуметтік бағдарламаға ілігеріне күмәнмен қарағандар да болған. Алайда тұрғын үйге мұқтаж жандарға барынша қолдау жасалды. Қоныс аударушылар қатарында 68 ересек адам бар. Екібастұзда олар мамандығы мен машығына қарай жұмысқа тартылады. Ал балалары балабақша және мектеппен қамтылады. Тегін тамақ, әрі автобуста ақысыз жүреді. Бүгінгі көшке де республикалық бюджеттен көмек берілген.    

 

Қайрат Нұрмағамбетов, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Жол шығынын өтеу үшін субсидия беріледі. Семьяның әр басына 88 жарым мың теңге. Бұдан қалды пәтер жалдап тұруға республикалық бюджеттен тағы да ақша төленеді. Бір жыл бойы.

 

Сосын әр отбасы айына баспанасы үшін 5 мыңнан бастап 8 мың теңгеге дейін 5 жыл төлеп тұрады. Әрі қарай өз меншігіне өткізіп алуға мүмкіндіктері бар. Бұған дейін дәл осындай шартпен 102 отбасы барған болатын. Жалпы 2025 жылға дейін Кереку өңіріне әр облыстан 100 мың адамды көшіру жоспарланған.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

 

Хабарламаларға жазылу