Қызылордада күріш, ет және ұн қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада күріш, ет және ұн қымбаттады

02.08.2019

Қызылордада күріш қымбаттады. Осы облыста өсіріліп, өндірілсе де жергілікті халық оның бір келісін 350 теңгеге сатып алуда. Онымен қоса, өңірде ет пен ұнның да бағасы  шарықтап кеткен.

 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Базарда күріштің алуан түрі бар. Таңдап жүріп алуға болады.  «Элита», «Новатор», «Лидер».  Бағасы да әртүрлі. Мысалы, «Лидер» күрішінің бір келісі 300 теңге болса, «Элита», «Ақ маржан» 350 теңгеден сатылып жатыр.

Елге қажетті күріштің 90 пайызы Сыр елінде өсіріледі. Оған қарамастан дәнді-дақыл жылдан жылға қымбаттап барады.  Оразкүл 25 жылдан бері күріш сатады. Бірақ «баға дәл бұлай  ешқашан шарықтамады»,- дейді. Былтыр күріштің келісін ол — 180-200 теңгеден сатқан. 

 

Оразкүл, сатушы:

Бізге беретіндер бағаны көтеріп жіберді. Содан қымбат. Біздің кінәміз жоқ бұған. 10-20 теңге қоямыз. 10 теңге тасымалына кетеді, 10 теңге қалтамызға түседі.

Бірақ бағаға қарап жатқан адам жоқ. Өйткені керек. Ішпей-жемей отыра алмайды.

 

Ет те қымбаттады. Бірақ оны да жұрт таласа алып жатыр. Ет дүкендерінің іші таңертеңнен кешке дейін ығы-жығы. Сиыр етінің келісі —750, жылқы — 2000 теңге. Осыдан екі ай бұрын  баспақ еті — 1400, жылқы еті — 1600 теңгеден сатылған.

Бәрі қымбат. Жеміс-жидек, көкөніс,  қант пен ұнның құны көтерілген. Себебі тауар өндірушілер өнімді сыртқа саудалағанды жөн көреді.  Мысалы, облыста жылына  23 мың ірі қара бордақыланса,   жылына 50 мың тонна күріш экспортталады.

 

Ерхан Ағыбаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

  Күріштің қымбаттау себебі шекаралас басқа мемлекеттерде күрішке сұраныс көбеюінен және де осыған сәйкес бағаның артуынан. Қаңтар мен мамыр айын салыстырғанда күріш бағасы Өзбекстанда 58 пайызға қымбаттаған.

Осылайша, алыпсатар арқылы тұтынушыға жеткен өнімнің бағасы ырық берер емес. Бірақ жергілікті билік мәселені шешудің бір жолы ретінде әлеуметтік дүкендер желісін құрды. Ондағы баға базардан 50 теңгеге арзан.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу