Ақтөбеде екі жыл бұрын отырғызылған 1 миллион 200 мың ағаштың барлығы қурап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде екі жыл бұрын отырғызылған 1 миллион 200 мың ағаштың барлығы қурап кеткен

02.08.2019

Желге ұшқан ақша! Ақтөбеде екі жыл бұрын отырғызылған 1 миллион 200 мың ағаштың түгелге жуығы қурап кеткен. Оған 80 миллон теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Жергілікті билік өкілдері жасыл желекті күтіп-баптауға қаржы қарастырмағандықтан көшеттердің қурап қалғанын мойындап отыр. Енді мың гектардан астам жерге қайтадан жасыл желек отырғызыла ма?

 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Аумағы ат шаптырым бұл аумаққа екі жыл бұрын мыңдаған қылқан жапырақты ағаш отырғызылған. Жергілікті биліктің идеясы бойынша, әуеден қараған кезде бұл жерден үлкен көлемде жасыл түсті «Ақтөбе» деген жазу көрінуі тиіс болған. Алайда ол армандары орындалмады. Себебі міне, көріп тұрсыздар, ағаштардың барлығы қурап жатыр.

Әуежай маңындағы аумаққа шыршадан өзге де бірнеше ағаш көшеттері егілген. Бұл жұмыстарды жүргізген мекеме алғашқы жылы суарып, күтім жасаған. Алайда кейін бәрі жайына қалған. Жасыл желекті күтіп-баптауды мойындарына алған компаниялардың бірі 2 миллиард теңге қажеттігін алға тартқан.

 

Хасен Юсупов, Қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Ондай қаражат бөлінген жоқ. Бізге жылына бөлінетіні шамамен 60-70 миллион көлемінде бөлінеді. Ауа райына байланыст қурап қалған. Қыстыгүні қар түспеді. Көктемгі, жазғы мезгілде жауын-шашынның болмауы себеп.

 

Бұл мәселені алғаш болып жергілікті еріктілер тобы көтерген еді. Олар ағаш отырғызылған барлық аумақты аралап, жасыл желектің түгелдей қурап қалғанын байқаған. 

 

Евгений Лазарчук, еріктілер тобының белсендісі:

Бұл шыршалар тамырланып үлгерген. Әрі қарай суарып, күткенде өсіп кетер еді. Көріп тұрсыздар қаншама ағаш қурап қалды?! Қаншама ақша далаға кетті... Ақтөбеліктер онсыз да шаң-тозаңнан көз аша алмай отыр.

 

Экологтардың айтуынша, ағаш отырғызылмай жатып қателік кеткен. Яғни топырақ қабаттары зерттелмеген, ағаш көшеттерінің жергілікті климатқа бейімделу жайы назарға алынбаған. Алайда Облыстық табиғи ресурстар басқармасы өкілдерінің айтуынша, ағаш егу жұмыстарын жүргізген компания заңнаманы бұзбаған.

 

Ғабит Қылышбаев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Орман отырғызу саласындағы мамандандырылған мекемелердің әзірлеген жобасы болмауынан, топырақ қабатының зерттелмеуінен, сонымен қатар отырғызу технологиясының сақталмауынан орын алып отыр. Себебі кешіктіріліп егілді. «Табиғатты қорғау заңнамасы бұзылды» деп айтуға болмайды. Қазіргі таңда қала әкімдігі қолға алып жатыр.

 

Дегенмен жергілікті атқамінерлер қателікті түзейміз деп уәде берді.  Жоспар бойынша, алдағы күзде жер игеріліп, келесі жылы қураған ағаштардың орнына жаңасы егілмек. 

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

 

Хабарламаларға жазылу