Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында күн электр станциясының капсуласы салынды
Қызылорда облысында биыл екі Күн электр станциясы іске қосылады. Оның біреуінің құрылысы бірнеше күн бұрын Жалағаш ауданында басталса, бүгін Шиелі ауданында екінші кәсіпорынның іргетасы қаланды. Станцияның қуаттылығы — күніне 50 мВт. Яғни бұл станция арқылы тек Шиелі ғана емес, көршілес аудандар мен Қызылорда қаласының энергетикалық қажеттілігі өтеледі. Ауданда мұнан өзге де жаңалық көп.
Шиеліде 82 мың халық тұрады. Іргелі ауданның бірі. Жұрт жазда күніне 9 мВт электр энергиясын пайдаланса, қажеттілік жазда артады. 14-15 мВт қуат көзін бір тәулікте пайдаланады. Қызылордада 365 күннің 320-сында күн ашық. Сондықтан баламалы энергия көзін өндіруге мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде-ақ ауданда кәсіпорындар оны тиімді пайдаланып отыр.
Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының әкімі:
«Уранэнерго» мекемесі 250 КВт электр энергиясын өндіріп жатыр. «Семізбай У» ЖШС 90 кВт электр энергиясын сосын, 6- кен басқармасы 200 кВт электр энергиясын және шағын шаруа қожалықтар бар, «Сейтжанов» ШҚ мысалы, 35 КВт өндіреді, 112 осындай жайылымдықтардағы шопандар 2 МВТ күн сәулесінен алатын электр энергиясын пайдаланып отыр.
150 гектар аумақты қамтитын станция құрылысына 250 адам қамтылған. Дені жергілікті тұрғындар. Ал жоба толық іске қосылғанда жұмысшы саны артады. Сондай-ақ ауадағы көмірқышқыл газының таралуы 75 мың тоннаға азаяды, шетелдік инвестиция тартылады. Бұл аудан ғана емес, облыс экономикасына елеулі әсер етеді. Жалпы ауданда берекелі тірлік бар. Елді мекендердің жағдайы жақсарған. Ауылдарда жұмыссыз жүргендер жоқ.
Сейітмағамбет Жұманазар, Балаби ауылының ардагері:
3 балабақша бар, біреуі — мемлекеттік, екеуі — жеке балабақша. Мәдениет үйі, 12 дүкен, халықтың жағдайы жақсы. 300 гектардай күріш егіліп, 500-дің үстінде түйе, жылқы, ел егінмен, мал шаруашылығымен айналысады.
Ал Жөлек ауылында бүгін дәрігерлік амбулатория ашылды. Халықтың қуанышында шек жоқ.
Дидар Уәлиханқызы, Жөлек ауылының тұрғыны:
Бүгін, міне мен қызымды тексертуге әкеліп отырмын. Осындай кең, ауасы таза емханада біз қуаныштымыз бүгін. Бұрын өте тар емхана еді. Қазір тамаша.
Ал Бәйгеқұмда қызмет көрсету мекемелерін бір жерге шоғырландырған. Пошта байланысы, мүгедектерді қолдау орталығы, шаштараз, тігін цехы, барлығы бір ғимаратта. Бұл да ел игілігі үшін, жайлы тұрмыс үшін ұйымдастырылған.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы