Республикалық маңыздағы «Құрық-Жетібай» тас жолының әбден тозығы жеткен. Ұзындығы 64 шақырым жол 40 жылда бірде-бір рет жөнделмеген. Бүгінде асфальт жабындысы тозып, ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болған. Жол азабын тартқан жұрт осы мәселені шешіп берсе дейді.
Бұрынғы Ералы, қазіргі Құрық ауылы — аудан орталығы. Өзге ауылдармен ауданды байланыстыратын негізгі жол осы ғана. Жол деген аты болмаса әбден тозығы жеткен. Бар болғаны 10 шақты шақырымы жамалған. Қалған бөлігі ойық-ойық. Ауылға күнде қатынайтын жұрт жол азабын тартып-ақ келеді.
Ғұбайдулла Мәдинов, Сенек ауылының тұрғыны:
Біз Сенек ауылынан келе жатырмыз. Жол деген мынау, Ералы орталық болғасын қағаз, документ жөнінде ХҚКО барамыз. Жолдың тиімсіздігі сол, түскі уақыт болды, жете алмай келе жатырмыз.
Махамбет Сисекенов, Жетібай ауылының тұрғыны:
Жұмыс бабымен жүргеннен кейін үнемі осы жермен жүремін. Жолды жөндемейді.
Құрық-Жетібай жолымен шетелдіктер де көп жүреді. Болгариялық саяхатшы Джордж Зэйнидакс Қазақстан арқылы Жапонияға бармақшы. Алайда ол — діттеген жерге енді мерзімінде жете алмайтынына қатты алаңдайды.
Джордж Зэйнидакс, саяхатшы:
Сапарға шығарда бағытымды, жүретін аумақты зерттеп алатынмын. Қазақстанда мынадай жолға тап боламын деп ойламаппын. Мотоциклмен жүру өте қиын екен.
Владимир, ресейлік турист:
Жолдың осы бір бөлігіне дейін бәрі тамаша еді. Мына жерлер адам өміріне қауіпті. Сағатына 30-40 шақырыммен әрең келем. Каспий теңізіне түсу үшін, ұлым екеуміз Ресейден арнайы келе жатырмыз.
Бұл жол — халықаралық көлік дәлізі деуге болады. Себебі еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыратын Құрық портына келген жүктер, тап осы бағытта Ресей мен Өзбекстанға тасымалданады. Алайда жолдың нашарлығынан жүк көліктері 140 шақырым жүріп, Ақтау қаласын айналып өтуге мәжбүр.
Бекбол Мұқашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары:
2018 жылы күрделі жөндеу жүргузіге жобалық сметалық құжаты әзірленді. Мемлекеттік сараптамадан шықты. Жобаға 11,1 миллиард теңге қаражат керек. 2020-21 жылдарға осы қаражатты бөлуге министрліктен «ҚазАвтоЖол» ҰК» қаражат бөлуді сұрап отыр.
Әзірге жолды күтіп ұстаудан басқа амал жоқ. Жыл сайын осы мақсатта 45 миллион теңге бөлінеді. Биылдың өзінде бар-жоғы 10 шақырымды жамау үшін 35 миллион теңге жұмсалған.
Аягөз ОРАЛБАЙ