Алматыдағы лагерлерде Арыс қаласының балалары тегін демалуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы лагерлерде Арыс қаласының балалары тегін демалуда

01.08.2019

Бұған жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге қаржы бөлінген. Ірі мегаполистегі демалыс орындарында оқу жылы басталғанға дейін 225 бала мен 21 мұғалім тынығады.

Мұнда осы уақытқа дейін 75 бала мен 7 мұғалім он күн тынығып, қаланың көрікті жерлерін аралаған. Ал, қазір тағы 75 бала демалып жатыр. Келушілер үшін түрлі бағдарламалар мен ойындар ұйымдастырылады. Сыйлық ретінде жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен оқушыларға мектеп киімдері берілген.

Ләззат Әуезханқызы, Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл Алматы қаласы әкімдігінің шешіміменен 225 балаға 15 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы.

Жол қаражаты, демалу бәрі осы жергілікті бюджет есебінен бөлінді.

Бұл мектеп жасындағы балалар, 7 жастан бастап 15 жасқа дейінгі мектептің оқушылары.

Сонымен қатар, бүгінде елге танымал, Арыс қаласынан шыққан өнер жұлдыздары, әнші Индира Елемес, әнші-сазгер Нұрлан Еспанов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсенов бүлдіршіндермен жүздесті. Олар лагер сахнасында шағын кеш өткізіп, балалармен әңгімелесті.

Арман Дүйсенов, Қазақстанның Еңбек Сіңірген Қайраткері:

80 балаға спорттық киім және тағы оларды алып келген 7 ерікті тәрбиешіге де арнайы сыйлық, яғни спорттық киім дайындадық. Неге? Өйткені, олар жалақысыз, өздерінің ынты-шынтысымен, өздерінің шын көңіліменен Алланың үлкен сауабына қалып, жауапкершілікті мойындарына артып алып келіп отқан жайлары бар. Сондықтан, оларға да сыйлық жасадық.

Енді осы демалыс орнында тамыздың 6-сы мен 16-сы аралығында тағы 75 бала тәрбиешілерімен бірге тынығады. Ұйымдастырушылар тарапынан оларға да сыйлықтар үлестіріліп, осындай тағылымды кештер өтеді.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу