Жыл сайын қыруар қаржы бөліп, жамап-жасқағанымен жағдай өзгерер емес. Жалпы биыл облыс жолдарын жөндеуге бюджеттен 37 миллиард теңге бөлініп, 700 шақырым жол жөндеуден өтпек. Ал былтыр, 33 миллиард теңге бөлінді. Бірақ тоз-тозы шығып, ойдым-ойдым болған асфальттың тегістелетін түрі көрінбейді. Тілшіміз тарқатады.
Закиржан Мамлютов Петропавлдың дәл іргесіндегі Тепличное ауылында тұрады. Тұрғындар жылдар бойы жолдың машақатын көріп келеді. Жергілікті атқарушы билікке жолдың сапасы төмен екенін жылда көтереміз. Бірақ нәтиже жоқ дейді.. Закиржан Мамлютов, Тепличное Ауылының Тұрғыны
Жаңа ғана санадым, осы 1,5 шақырым жолда 80-нен астам шұңқыр бар екен. Есептік кездесуде де, жай кездескенде де көтеріп жатырмыз. Көше тар, ойдым-ойдым , апаттық жағдайлар да жиі болады. Бұрылыс та ыңғайсыз етіп жасалған, өткенде жүк көлігі аударылып қалды.
Мысалға мына жол былтыр ғана жөнделген. Қар ерісімен ойдым –ойдым шұңқырлар қайта пайда болды. Көлік жүргізушілеріне айналып өтуден басқа амал жоқ.
Тұрғындардың айтуынша жол жүрдім-бардым жөнделеді. Яғни, күн ашық, жаздың кезінде емес, күзге таман жаңбыр қар жауған кезде тегістейді. Ал ондай кезде төселген асфальт ұзаққа бармайтыны белгілі. Сондықтан жыл өтпей жатып , сол таз қалпына түседі.
Қазір қалада 30-дан астам көше жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа 140 миллион теңге жұмсалмақ. Осы жолы жергілікті билік тұрғындардың өтінішін ескеріп, кейбір жолдарды бастан аяқ жөндеуде.
Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ бас маманы:
Қала бойынша жұмыстар тек жоспар бойынша ғана емес, халықтық бақылау жобасы аясында да жүргізіліп жатыр.тұрғындар облыс әкімінің сайтына хат жазса, ол өтініш қаралып, жол жөнделеді. Мысалға мына Досмұхамедов көшесі сол өтініш бойынша жөнделіп жатыр.
Биыл теріскейде жол құрылысына 37 миллиард теңге бөлінді. 120 шақырым республикалық, 580 шақырым жергілікті жол жөнделмек.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ