Биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданады. Оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 миллионнан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осындай мәлімет жариялады. Ал биылғы жарты жылдықта 49 мыңға жуық баспана пайдалануға берілген. Бұл 5,7 миллион шаршы метр. Жыл соңына дейін 118 мың пәтер салынады деп жоспарланған. Құрылыс қарқыны бойынша Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстары көш бастап тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында және Маңғыстау облысында тұрғын-үй құрылысы біршама бәсеңдеген.
Роман Скляр, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 32,8 миллиард теңге көзделген. Өңірлерге 14,9 миллиард теңге аударылып, соның 14,8 миллиард теңгесі игерілді. Қаражатты Маңғыстау облысының нашар игеріп жатқаны байқалды. Биыл кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 1 шілдеде 924 пәтер берілді.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ