Жер жаннаты Жетісудың бір маржаны Көлсай көлдері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер жаннаты Жетісудың бір маржаны Көлсай көлдері

30.07.2019

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Күнгей Алатау баурайында жер сілкінісі салдарынан пайда болған көлдердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тұмса табиғатты тамашалауға келетін туристер саны жылдан-жылға еселеніп келеді. Бұл өз кезегінде Кеген ауданының экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындарының табысын еселеуге мүмкіндік беріп отыр. Алматы облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркі аумағында баспасөз туры өтті. Республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары қатарында тілшіміз Қуаныш Қанатұлы да болды.

Көлсай көлдері үшеу. Біріншісі теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте. Халықтың ең көп келіп тамашалайтын жері. Көл суы тау өзенімен толып отыратындықтан өте суық. Сондықтан туристер шомылмайды. Тән рахатынан көрі жан рахатын сезініп, тұмса табиғатты көзбен көріп, суретке түсіп қайтқанды жөн санайды.

Бұл атақты Көлсай көлдерінің екінші көлі. Теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте. Бұл жерге жету үшін бірінші Көлсайдан атпен 8 шақырым жүріп өту керек.

Екінші Көлсайға дейін жергілікті тұрғындар аттарын жалға беріп, жол серік болуға дайын. Бір ғана жылқымен демалыс күндері 30-40 мың теңге тауып қайтамыз дейді, ауыл азаматтары. Былтыр алыс-жақын шетел мен Қазақстаннан Көлсай көлдеріне 41 мың адам келіп тынығып қайтқан.

Санат Жұмаділов, Алматы қаласының тұрғыны:

Семьямызбен осы Көлсай көлдеріне келдік. Былтырғы бір-екі-үш жылға қарағанда қазір жол жасалынған. Жақсы. Бізге ұнап тұр. Таза. Ауа-райы да жақсы.

Көлсай көлдері ауылдағы ағайынның нәпақа табуына зор мүмкіндік болып отыр. Бір ғана Саты ауылының 100-ге жуық шаңырағы қонақты үйінде қабылдап, дастарханын жайып қызмет көрсетуде. Ауылда заман талабына сай қонақ үйлер де көптеп салынып жатыр. Ұлттық табиғи парк қызметкерлері де өз тарапынан бас жоспар құрып, көлдің өсімдік және жануарлар қорын сақтап қалуға, инфрақұрылымын дамытуға күш салып келеді.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:

Бұрын жаздық үйлер ғана болатын оншақты. Оның барлығы түгел жойылып, ол жер тазаланып, тендер арқылы ұтып алған фирмаға берілді. Олар қазір міне жаз, қыс бойы туристер қабылдайтын үйлер салынып жатыр. Биыл күзге дейін бітіреді.

Биыл туристер саны былтырғыдан 1,5-2 есе артады деп күтілуде. Көлсай көлдерінен бөлек мұнда тамашалайтын дүние көп. Сондықтан жаңа туристік бағыттар қолға алынып жатыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


 

Хабарламаларға жазылу