Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды

29.07.2019

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны «Nomad Solar» компаниясы жүзеге асырады. Құрылыс жұмыстарына 60 адам тартылады. Ал нысан пайдалануға берілген соң тағы 18 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Күн электр станциясының   қазығы қағылды. Ол екі кезең бойынша жүзеге асады. Біріншісінде нысанның құрылысы салынады, онан кейін қазіргі пайдаланылып жүрген 220 кВт қосалқы станцияға қосылады. Жоба облыс үшін өте маңызды, экологиялық та, экономикалық та тиімділігі жоғары. Жалпы Жалағашта жарқын іс жетерлік. Биыл егін бітік шықты.   Күріш алқаптары жайқалып тұр. Диқандар мол өнім алатынына сенімді.      «Былтыр гектарына 68 центнерден өнім жиналса, биыл да көрсеткіш сол межеден аспаса кем түспейді»,- дейді.   Ал «Мақпалкөл» ауылында алма бағы бар.  

 

Әліби Бекжанов, шаруашылық төрағасы:

Тамшылатып суару әдісімен алма ектік. Нәтиже беріп тұр. 3-4 сортын ектік. Биыл енді бастап жеміс беріп жатыр. Нәтижесі болып жақсы, нарыққа  шығып жатсақ, алманың көлемін көбейтеміз.

Өзге ауылдарда да берекелі тірлік бар. Бірінде мәдениет үйі салынса, екіншісінде балабақша пайдалануға берілді.  Барлық елді мекенде спортпен айналысуға   мүмкіндік бар.

 

Еркебұлан Жамалатов, Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Аудан бойынша жалпы халықтың 10 мыңнан астамы спортпен шұғылданады. Ол деген 28,3 пайызын құрап отыр. Алдағы уақытта 29 пайызға жеткізу межемізде бар. Аққұм ауылында тіректі елді мекен есебінде спорт комплекс салынады деп жоспарланып отыр.

Бұл — «Таң» ауылындағы күріш ақтау зауыты. Қуаттылығы-тәулігіне 100 тонна. Өндіріс орны тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Аққұм ауылындағы мал бордақылау алаңында да тірлік қызу. Ауыл халқының тұрмысы төрт түлікпен тікелей байланысты болғандықтан, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына бұл цехтың  ықпалы зор. Жалпы ауданда кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. «Серпін» индустриалды аймағында   ашылған «Өркен әлем» тігін цехында қазір 24 адам еңбек етеді. Жылына 5 мыңнан астам броньды кеудеше, түрлі қорғауыш бүркемелер тігіледі.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу